Нұр-Сұлтан қаласында такси жүргізушісі жалға алған көліктерден катализатор ұрлап, такси компаниясын 2,5 миллион теңгеге шығынға батырды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне "Смарт такси" ЖШС басшысы арызданды. "Chevrolet Cobalt" маркалы көліктерден катализатор ұрланды. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол такси жүргізушісі болып жүргенде жалға алған көліктерден катализатор ұрлаған. Әрбіреуінің бағасы - 830 мың теңге.
"Күдікті екі күннің ішінде көліктерді техникалық қызмет көрсету орталықтарына апарып, автомеханиктерге катализаторларды ақыға кескізіп алған. Сосын бәрін металды қабылдау орнына төмен бағамен өткізген", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет") бойынша екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.
”Адырна” ұлттық порталы