Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сенат отырысынан кейін журналистердің зейнет жасын төмендету туралы сұрағына жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Біз 1998 жылы зейнетақы жүйесін реформаладық. Соған сай 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар азаматтар ғана мемлекеттен еңбек зейнетақысын және қосымша базалық зейнетақыны алады. Егер зейнет жасын төмендетсек, зейнетақы да өте төмен болады», - дейді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министр азаматтардың 63 жасты күтпей-ақ зейнетке ерте шығуға мүмкіндігі барын, ел азаматтарына белгіленген мерзімді күтпей, 50 жаста зейнетке шығуына болатынын айтты. Ол үшін зейнетақы жүйеңіз талапқа сай болу керек.
«Азаматтар 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақыға өз уақытында қосылып отырса, жарнасы дұрыс болса, 63 емес, тіпті 50 жасында зейнетке шығып кетуге мүмкіндігі бар деп заңда жазылып қойған. Бұл ер азаматтарға ғана емес, әйелдерге де қатысты», - дейді министр.
«Адырна» ұлттық порталы