Ұлттық музейдің директоры Арыстан Мұхамедиұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, ол еңбек жолын қазақтың көрнекті ғалымы, академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған Мемлекеттік филармониядан бастаған.
«Бертін келе «Қазақ әуендері» Акционерлік Қоғамын құрып, менеджментке ерекше ден қойдым. Көптеген дарынды жастармен таныстым. Бірлесіп, керемет энтузиазммен жұмыс істедік.
Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай әлемдік музыкалық мәдениеттің барлық жанрларын қамтитын, Қазақстанның Президенттік оркестрінің іргесін қаладым. Маған еліміздің ең талантты деген өкілдерін жинауға мүмкіндік берілді. Бұл жұмысты мейлінше абыроймен атқаруға тырыстым. 2006-2007 жылдар - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі, 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқардым. Бұдан кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ректор болып жұмыс істедім.
Өнердің әр саласында адал атқарған қызметім ел басшылығы тарапынан елеусіз қалмаса керек, Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалдым. 2019 жылдың шілдесінен Сіздің Өкіміңізбен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры болып жұмыс жасап келемін»,— деді бұрынғы Мәдениет және спорт министрі.
Үндеуінде қоғам қайраткері негізгіз тексеріліп жатқанын атап өтті.
«Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болса да әкем қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын – деп Міржақып бабамыз айтқандай мен өзімнің бүкіл саналы өмірімді Қазақ Елінің, ұлтымыздың игілігіне жұмсап келемін. Қазақтың АР - НАМЫСЫ, МАҚТАНЫШЫ, ҚАСІРЕТІ – ЖЕЛТОҚСАН десек, Қайрат Рысқұлбеков секілді оның жаужүрек қаһармандары еліміздің келешегі үшін өмірлерін қиды. Менің де бар арманым сол – Қазақстанның жарқын болашағы!
Мұның бәрін мен неге баяндап отырмын? Қай салада жұмыс жасамайын, мен әуелі ұлт мүддесі үшін тер төгіп жүргенімді айтқым келеді. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді.Осыдан бірнеше жыл бұрын "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны белгілі. Нақтылап айтқанда, «Феникс» киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдік келтіріліп, кинорежиссер Талғат Жаныбеков қамауға алынды.
Оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. "Феникс" фильмінің шарты голливуд компаниясы "Aldamisa Entertainmentпен" жасалынды деген сөз жалған болып шыққан еді. Шын мәнінде, "Казахфильм" АҚ "T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES" ЖШС-пен және ресейлік ООО "Альдамиса РУС" жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 млн.доллар қолды болып кете жаздаған.
Сол Т. Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше "Феникс" фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындады. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылған дерегін де растады және бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтты.
Алайда, аталған өнер өкілдері түрлі айла-шарғыларымен мені қаралауға көшкен болатын.
Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін, мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді. Әрине, «қаһармандар» азуын көрсетуден қайтар емес. Кез-келген ілкімді сәтті пайдаланып, Өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғанын және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ, менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді.
Кейінгі кезде, енді арыз иелері музейде кеткен бұрыңғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!»— деді ол.