Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциямызға енгізілетін герістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин ата заңға енгізілетін өзгерістер қоғамның қалауынан шыққан және ел мүддесі үшін жасалып жатқан маңызды қадам екенін баса айтты.
Әр енгізілетін өзгеріс өзара байланысты екенін айтып, үдеріс барысын тізіп шықты:
“Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу;
Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру”.
Конституцияға өзгерістер мен толқулар енгізу туралы қаулы 6 мамыр күні жарияланған болатын.
Ерлан Қариннің айтуынша, Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айырмашылығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны анық.
Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу маңыздылығын айта кетті.
43 бабқа тағы да 3 тармақ қосылатынын атап өтті.
“Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тармақ қосылады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логикаға сәйкес Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне де осындай тыйым салынады (Конституцияның 23-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы). Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.
Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі”,- деді Қарин.
Айтпақтай, Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынатынын жеткізді.
“Конституцияның 91-бабынан Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы деген мәртебесі туралы норма алынып тасталады (Конституцияның 91-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы)”,- Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу туралы сөз қозғап, сенаттағы президент квотасының саны 15-тен, 10 депутатқа азаятынын да жеткізді.
“Конституциялық Соттың құрамы мынадай тәсілмен жасақталады: 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы 3 судьядан), 4 судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық Соттың төрағасын жоғарыда айтылғандай Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды (Конституцияның 57-бабы 1) тармақшасының, 58-бабы 3-тармағы 7-тармақшасының және 71-бабының жаңа редакциясы)”- деді.
«Мемлекеттік хатшы» институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып өзгереді (Конституцияның 44-бабы 19-тармақшасының жаңа редакциясы). Ол Мемлекет басшысына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеумен айналысады”.
Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру туралы да сөз қозғады. Парламент палаталарының дәрежесін айтарлықтай өсіру келесі кезектегі жүзеге асырылатын іс екенін ескертті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы Сенатқа берілетінін де жеткізді.
“Мәжілістің құзыреті кеңейіп, республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау күшейеді. Ол үшін, бұған дейін айтқанымыздай, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді (Конституцияның 53-бабы 2-тармақшасының жаңа редакциясы, 56-бабы 1-тармағының 3-1) жаңа тармақшасы). Бұл Мәжілістің және жалпы Парламенттің мәртебесін одан әрі күшейте түседі.
Саяси жүйеде тепе-теңдік және тежемелік тетіктерді нығайту және заң шығару жұмысын оңтайландыру мақсатында Мәжіліске заңдарды қабылдау (бұрын заң жобаларын қараған және мақұлдаған), ал Сенатқа заңдарды мақұлдау не мақұлдамау (бұрын заңдарды қабылдаған) құзыреті беріледі (Конституцияның 61-бабы 4 және 5-тармақтарының және 62-бабы 5-тармағының жаңа редакциясы).
Парламент конституциялық заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында, кемінде екі оқылымда қабылдайтын болады (Конституцияның 53-бабының жаңа редакциясы)”,- деді ол.
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту
Негізгі Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады (Конституцияның 1-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).
Жоғарыда айтылғандай, Мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылады (Конституцияның 50-бабы 3-тармағының және 51-бабы 1-тармағының жаңа редакциясы). Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады (Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакциясы).
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін Президент өңірдің (қаланың) мәслихаттарының барлық депутаттың келісімімен және баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсынылады) тағайындайтын болады (Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Осылайша, белгілі бір өңірдің дамуына жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару ісіне берілетін кепілдік нығая түседі.
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру
Жоғарыда баяндағанымыздай, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады (Конституцияның 71-74-баптарының жаңа редакциясы).
Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі (Конституцияның 15-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).
Прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді (Конституцияның 83-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтуге тиіс.
Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет береді. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады.
Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады деп толық сеніммен айта аламыз”,- деп қорытынылады Ерлан Қарин.
"Адырна" ұлттық порталы