"15 тәулікке қамаймыз": Өзбекстанда тағы да "сақалға қарсы" рейд басталды

2896
Adyrna.kz Telegram

Ташкентте ерлерден сақалын қыруды тағы талап етіп жатыр. Сақалды жігіттерді ішкі істер бөлімшесіне шақырып, 15 тәулікке қамаймыз деп ескерту жасаған, деп хабарлайды "Адырна" порталы Газета.уз сайтына сілтеп. 

Өткен аптада әлеуметтік желілерде Ташкент аудандарында сақалды ер адамдарды ұстап, ішкі істер бөлімшесіне апарып, сақалын алған соң босатып жатқаны жайында ақпарат тараған.

Абдурахмон Муфид (Abu Vines) деген лақап атымен танымал Абдурахмон Абдурахмонов есімді вайнер Instagram (1,3 миллион жазылушысы бар) парақшасына сақалсыз суретін жариялаған.

"Барлық нәрседе даналық бар. Көріп тұрғаныңыздай, сақал алынды. Не үшін қырғанымды сұрамаңыз. Адамдардың өздері түсінеді деп ойлаймын. Шығармашылықты жалғастыра беремін", - деп жазған.

Facebook қолданушысы Мухаммадюсуф ибн Кобил 6 мамыр күні желіге сақалын алған суретін жариялады. Ол ішкі істер бөлімшесіне барғаннан кейін осылай болды деген.

Мухаммадюсуф бөлімшеде өзімен бірге кемінде он адамның болғанын айтады. Олардың бәрінен сақалын алуды талап еткен.

"Егер сақалыңды қазір қырмасаң, 15 тәулікке қамаймыз" деген полиция өкілдері.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиясов бұл оқиғаға қатысты былайша пікірін білдірді:

"Бұл оқиғаларды құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан қылмысқа қарсы күрес шарасымен салыстыруға келмейді. Азаматтар егер конституциялық құқығымыз бұзылды десе, шағымданса болады", - деді ол.

Бұл Өзбекстанда ер азаматтардың сақалын мәжбүрлеп алғызып жатқан бірінші жағдай емес. 2019 жылы да осындай рейд жүрген.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер