ҚАЗЫБЕК ИСА: Қош болыңыз, Елбасы!

5952
Adyrna.kz Telegram

НАЗАРБАЕВТЫҢ АТЫ АТАЗАҢДА АТАЛМАЙДЫ!

Елді шулатқан: “Назарбаев Қазақстанның негізін салушы” деген негізсіз баға Конституцияға жазылмайтын болды…

Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин телеграм арнасында жазды

“ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы туралы ” заңы да жойылады.

“Тұңғыш Президент туралы ережелер еліміздің негізгі заңынан толығымен алынып тасталады”, деп хабарлайды “Қазақ үні” ұлттық порталы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Еститін мемлекет” дегенінің тағы бір дәлелі осы болса керек!

Жаңа Қазақ Еліне жасалған тағы бір басты қадам! Түбегейлі өзгерістің, Саяси реформаның бастамасы! Президент Тоқаевтың ел болашағын айқындаған, халық қалауынан туған батыл да, кесімді, көрегендік шешімі!

Осы аптаның басында өткен “Ақ жол” фракциясы жиынында бұл мәселе талқыланған болатын. “Егер Назарбаевтың аты Атазаңға Қазақстанның негізін қалаушы ретінде жазылса, онда оның алдында ата тарихымыздағы Алаш, Қазақ хандығы, Алтын Орда, арыдағы Түрік қағанаты бар емес пе?
Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар Жошы хан, Керей-Жәнібек, Абылайхан, Әлихандар қайда қалады?!-деген мәселе көтерілген еді…

2017 жылы еліміздің тарихы пәнін 1991 жылдан бастап оқыту қолға алынғанда қарсы болып, депутаттық сауал жасаған да тек “Ақ жол” фракциясы еді.

2019 жылдан бастап, Ақжолдықтар кабинеттерінен елбасы суретін алып тастады. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен 2022 жылдың 5 наурызында – Әлихан Бөкейханның туған күнінен бастап, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Ұлт көсемінің суретін төрімізге іліп, Әз Наурызды Жаңа жылмен жаңарып қарсы алдық. Қазір “Ақ жол” фракциясының 12 депутаты мен партияның барлық кеңселерінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан портреті ілулі тұр.

Енді міне, бүгінде бәрі орнына келіп, әділеттілік орнай бастады десек те болады.

Ертең 5 мамырдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында осы мәселеге нүкте қойылады!

Енді Назарбаев пен еліміздің кез келген адамының құқықтары бірдей! Иә, кәдімгі дамыған демократиялық елдердегідей барлық адамдардың қақы тең!
Әділетті Қазақстан дегенге ел сенімі ояна бастады…

Қош болыңыз, Елбасы!

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР!

Қазыбек ИСА

Пікірлер