Тіл мәселесі шешілмесе халық қайта көтеріледі - Аятжан Ахметжан

5696
Adyrna.kz Telegram

Белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан, қазақ тілі мәселесі айналасындағы тартыс екінші «қаңтар» оқиғасын тудыруы мүмкін дейді. «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында тіл жанашыры тартыстың нүктесін тек билік қоя алады деп мәлімдеді. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады.

«Қазақ тілін билік енді реттеп бермесе, қазақ тіліндегі халыққа қазақ тілінің мәселесін шешіп бермесе –екінші «қаңтар» осы тіл мәселесінен болуы әбден мүмкін. Өйткені Қазақстанда демографиялық дүмпуді туғызып отырған үш облыс – Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында өзге ұлт жоқ. Үшеуінде де туылатын негізінен қазақтілді қауым. Оның сыртында Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстары бар. Бәрібір де қазақ тілді қауымның саны күн санап көбейе береді. Оны ешкім тоқтата алмайды»,- деді Аятжан Ахметжан.

Тіл жанашыры елімізде ең көп бала туатын өңірлерде орыс тіліне сұраныс жоқ деп есептейді.

«Мысалы, ойлаңыз, Түркістан облысында 510 мың оқушы бар. Петропавлда 75 мың оқушы бар. Сол 75 мың орыс тілін талап етіп сұрауы мүмкін, ал мына жақтан өсіп келе жатқан 510 мың қазақ тілді баланың мәселесін шешіп бермесе, қақтығыс болып кетуі мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік керек болса бұл мәселені билік шұғыл шешіп беруі керек... Өткенде қанды қаңтарда орысша плакат көтеріп айғайлап жүрген адам көрдіңіздер ме? Жоқ, бәрі қазақ тілділер», - дейді белсенді.  

Еске салсақ, елорданың сол жағалауында жаңадан ашылып жатқан мектепте орыс сыныптарының болмайтынына наразы ата-аналар дау шығарған. Олар тіпті талабымыз орындалмаса сотқа жүгінеміз деп мәлімдеді.

Подкасттың толық нұсқасын төмендегі сілтемені басып көріңіздер:

Пікірлер