Түркістан облысы, Сайрам ауданында ««Dala Fruit.kz» ЖШС-нің бау алқабында «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жөнінде республикалық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Семинар-кеңеске ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, қаржы мекемелері, ірі сауда желілерінің басшылары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысты.
Шараның мақсаты– ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа тәсілдер мен технологияларды енгізу жолдарын талқылау.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы тапсырмасымен дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары бойынша «Егістен сөреге дейін» пилоттық жобасы елімізде кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл ретте семинар-кеңеске қатысушылар Түркістан облысы диқандары мен аграрларының жетістіктері мен тәжірибелерін жоғары бағалады. Сонымен бірге диқандардың өнімін тікелей нарыққа ұсынатын «Экобазардың» салаға оң серпін беретінін атап өтті. Түркістан облысының әкімі қатысушыларға өңірде қолға алынған жұмыстармен таныстырды.
“Түркістан облысының басқа өңірлерімен ерекшелігі – күннің ыстық және жылы күндердің ұзақ болуында. Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларға басымдық берудеміз. Су үнемдеу, тамшылатып суғару, үйіргелік жерге көкөніс егу, агроқұрылымдарды ірілендіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс күші де жеткілікті. 2019 жылдан бері «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәжирибесі кеңінен ендірілуде. Жоба арқылы шаруалардың табысы 2-3 есе ұлғайды. Биыл «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәсілі арқылы 133 ауылдық округтегі 8,4 мың гектар жерде 3000 жоба жүзеге асырылуда. Еліміздің өзге өңірлеріне көкөніс жеткізуге мүмкіндік мол”, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысында жаңа піскен көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай ерте жиналады. Биыл ерте пісетін 200 мың тонна қырыққабат облыс қажеттілігін 12 есеге артық қамтамасыз етеді. Жалпы Түркістан облысы республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін мезгілдік картоп, пияз, сәбізбен қамтамасыз етуге қауһарлы. Енді осы өнімдерді сату және тасымалдау жеңілдейтін болды. Себебі семинар-кеңес барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қол қойылды. Осы арқылы шаруалардың өнімді сатудағы жұмысы жеңілдемек. Сонымен бірге бағаны тұрақтандыруға да оң әсерін тигізеді деген жоспар бар.
Семинар-кеңесте облыс әкімдігі тарапынан АШТӨ-нің айналым қаражаттарын толықтыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде бірнеше ұсыныс енгізілді. Өзге өңірден келген кәсіпкерлер мен диқандар, басшылар да министр мен вице-министрге өткір сұрақтар қойып, мәселелерін жасырмай айтты.
Атап айтсақ, шаруалар елімізде газ бен электр және көмір тарифінің қымбат екенін, республикалық деңгейде көмек керек екенін жеткізді. Сонымен бірге шетелдік бақша өнімдеріне жағдайға қарай шектеу қойып, отандық өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев семинар-кеңесте көтерілген мәселелер назарға алынып, шаруаларға қолдау көрсету бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді. Отандық нарықты отандық азық-түлікпен қамту ісіне басымдық берілетіне тоқталды. ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов өңіраралық сауда және эконономиалық қатынастарды дамыту жөнінде ой қозғаса, кәсіпкерлер мен ғалымдар да ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша білгендерін ортаға салды. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқа нарыққа өткізу және туындаған мәселелері» тақырыбында «Dala Fruit.kz» ЖШС-нің бас директоры Болат Алиевтің ұсыныстары тыңдалды.
Жиын соңында Түркістан облысының 40-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің өнімдері көрмесі ұсынылып, бірнеше тонна көкөніс өзге облыстарға жіберілді. Оның ішінде Ресейге және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 80 тоннадай ерте пісетін бақша дақылдары саудаланып, жолданды.
Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласы өнімділігін арттыру үшін 3 негізгі бағытты дамытуға басымдық берілген.
- Бірінші бағыт – жеке қосалқы үй шаруашылықтарын дамыту. 2021 жылы жаңадан 525 отбасылық шаруашылық құрылса, оның ішінде 162 үй шаруашылығына «Еңбек» бағдарламасы арқылы гранттық қолдау көрсетілген.
- Екінші бағыт – «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы арқылы былтыр 8 мыңнан астам гектарда 3 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 280 мың тонна өнім жиналды.
- Үшінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу бойынша «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру» жобасы қолға алынды.
Жалпы құны 35,1 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріледі. Бүгінде 3 кооператив негізінде 2,2 мың гектарға 65 дана жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылды. Технологияның тиімділігі: дақыл түріне қарай ағын суды 2 есе үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге дейін арттырады.
”Адырна” ұлттық порталы