5 сағаттық тойға 5 жыл кредит: Дәулет халыққа ренішін жеткізді

3890
Adyrna.kz Telegram

Дәулет Төлеутайұлы Динара Сатжанға берген сұхбатында қазақтың той десе ішкен асын жерге қойып, қатты шашылатыны туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Жұма сайын қайырымдылық жасап, баспана сыйға тартып, одан қалса, баспанаға алуға бағыт беріп жүрген Дәулет өзінің 4 пәтері бар екенін ашып айтты.

“Бірінші кезекте өзінен аямау керек. Бірақ өзіңнен аямау керек екен деп, қарызға, Kaspi бөліп төлеуге киім алу дұрыс емес. Өзің өмірге бір-ақ рет келгеннен кейін, жақсыны көруге ұмтылу керек. Бірақ оның да шегі болады.

Пандемия кезінде талай адамды көрдім. Өткенде бір танысым, танымал адам үйі жоқ әлі күнге дейін, бірақ ол “Dior-дың 800-900 мың теңге тұратын сөмкесі бар” деп мақтанады. Dior-ың құрысын дедім, үйің жоқ, несіне мақтанасың? Бәрін жасап ал, әрі қарай бренд қуасың ба, өзің білесің”, – дейді Дәулет.

Қазақтың Дәулеті атты лақап атпен танылған ол бар жиған-тергенін тойға шашатын халықты түсінбейтінін айтты.

“Той да солай. 5 сағаттық тойға 5 жыл төлейтін кредит алады. Одан кейін екі жас ажырасты, дейді.

Жағдайың бар ма, Нұр-Сұлтанда 30 мың адамдық стадион бос тұр, сонда той жаса. Жағдайың жоқ па, көрпеңе қарай көсіл. Ұят болады дегеннің бәрі бос сөз.

Ертеңгі күні несие төлей алмай отырғанда ұяттың көкесі сонда болады. Той өтті, елдің бәрі жеді, пакетке салды, ысырап жасады, кетті. Ал ертеңгі күні екі жас қиналған кезде, сол тойға келген адамның біреуі “қиналып қалыпсыңдар, кредиттеріңді төлеп берейін” деп келе ме?

Той болу керек, бірақ әркімнің шамасына қарай. Той – Тәңірдің қазынасы. Тойдың арқасында біз қазақтығымызды жоғалтпай отырмыз. Бірақ микрокредиттік ұйымдардан 2 млн кредит алып, соны 5 млн етіп қайтарып отырған адамдар бар. Одан да екі жақтан кеткен ақшаны қосып, бастапқы жарна ретінде жастарға беріп, үй алуға болады”, – деді Төлеутайұлы.

Баспаналы болғысы кеп жүрген адамдарға ең алғаш жасау керек қадаммен де бөлісті.

“Ең бірінші кеңес, тірі адам тіршілігін жасау керек. Отырсақ отыра береміз. Анау қымбат, мынау қымбат, заман сондай деп негативтің бәрін бойымызға жинап алатын болсақ, энергиямызды жоғалтып, әлсіз адамға айналамыз. Ал егер де “жоқ жасаймын, қолымнан келеді, айналамды өзгертемін, соған қарай талпынамын” дейтін болса, ол адам күш-қуат жинайды. Ал адамның бойындағы энергия түбінде ақшаға алып келеді”, – дейді блогер.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер