Сағадиев шет елден 67 миллион доллар қарыз алмақ

1976
Adyrna.kz Telegram

 

Сағынтаев командасындағы Сағадиев мырза қирап жатқан ауыл мектептерін жөндеу үшін емес, цифрландыру үшін тағы қыруар қарыз алатынын жариялады. Президент айтқан «Сандық Қазақстан» бағдарламасын орындауда алдына жан салмайтын министр Ерлан Сағадиев Дүниежүзілік даму банкінен 67 миллион доллар несие аламыз деп отыр. Үкімет бұл қыруар қаражатқа аймақтардағы білім ошақтарына заманауи құрал-жабдықтар сатып алмақшы. Сағадиевтің кезекті жоспарымен Гүлбану Әниятқызы танысып қайтты.

Алматы облысы Ақтүтек ауылындағы бұл мектептің оқушыларына министр Ерлан Сағадиев жар салып айтып жүрген «Сандық Қазақстанның» иісі де бармаған сияқты. Себебі салынғанына 40 жылдан асқан білім ошағына бірде бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Едені шіріп, төсеніштері жыртылып, әр жерінен су тамшылап тұр. Себеп біреу-ақ, бюджетте ақша жоқ. Ал, бүгін Сағадиев дәл осындай ауыл мектептерінің 62 пайызын заманауи құрал жабдықтармен жабдықтаймын деп депутаттардың алдында есеп берді. Ол үшін Дүниежүзілік Даму банкінен 67 миллион доллар қарыз алмақ.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ, ҚР Білім жәні ғылым министрі:

– Бұл алынып жатқан қаражат ауыл мектептері мен мұғалімдер үшін аса тиімді.

Сағадиевке сенсек, 17 жылға несиеге алып отырған бұл миллиондар қала мен ауыл мектептерін техника жағынан теңестірмек. Яғни, ауылдағы 5 жарым мың білім ошағына мультимедиалық-интерактивті тақталар алып, компьютер орнатылады екен. Үкіметтің бұлайша қайта қайта қарызға бата беруіне бір екі депутат қарсы шыққандай болды. Өйткені, білім саласына онсыз да жыл сайын қазынадан миллиардтар бөлінеді дейді мәжілісмендер.

КӘРІБАЙ МҰСЫРМАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Неге қарыздың бір бөлігін республикалық бюджетте көрсетілген бағытқа алып отырсыздар?

Министр бұл бағыттың мазмұны бөлек деп құтылып кетті. Осылайша, көп тартысып қиналмаған депутаттар ақыры Дүниежүзілік банктен несие алуға келісім берді. Ал, алынған құралдардың сапасын өзіміз бақылап отырамыз дейді.

БАҚТИЯР МӘКЕН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мұны енді алғандықтан тиімді пайдалану үшін өзіміз бақылап отырамыз.

ГҮЛБАНУ ӘНИЯТҚЫЗЫ, тілші:

– Сондай-ақ бұдан былай жоғары оқу орындары ақылы білімнің бағасын өздері белгілейтін болды. Білім министрі білімнің құны мемлекеттік гранттан не арзан не қымбат болмауы керек деген норманы алып тастауды ұсынды. Осылайша, университеттерде ақылы оқудың құны қанша болатынын енді ешкім нақты айта алмайды.

____________________________________________________________________________________________________________________

31.kz

Гүлбану Әниятқызы,

Нұркен Тоқмурзин

Пікірлер