Ирандықтардың ұлттық мерекелері

4958
Adyrna.kz Telegram

Ирандықтар - әлемдегі ең көне ұлттардың бірі және олардың бірегейі де болып табылады. Бұл халықтың ықылым замандардан бастау алатын, ғасырлардың тезінен өтіп, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан бай этникалық мәдениеті бар. Ирандықтар өз өмірлерінде мерекелерге аса көп көңіл бөледі. Мерекелерді тойлау, оларды ерекше сән-салтанатымен атап өту олардың өмір салтына айналған десе де болады. Сондықтан олардың өздеріне ғана тән, басқаларда жоқ ерекше мәдениеті әртүрлі ұлттық мейрамдардың салт-жоралғыларында айрықша көрінеді. Төменде осы  мерекелерге жеке-жеке тоқталып өтпекпіз.

Сәде мейрамы - ирандықтардың көне мейрамдарының бірі. Барлық уақытта Наурыз мерекесіне елу күн қалған кезде тойланады. Ауызша таралған аңыздарға сүйенсек, оның бұл атаумен аталуына елу күн мен елу түнді қосқанда, жүз санының шығатыны себеп болған сияқты (ескерту: парсыша «сәд» - жүз ). Сондықтан, бұл мерекені «сәде» яғни, «жүздік» деп атайды. Ирандықтар бұл мейрамның шығуын оттың пайда болуымен байланыстырады да,  іс жүзінде бұл мейрамды «от мерекесі» деп түсіндіреді.

Зороастризм дінін ұстанатын ирандықтар бұл мейрамды салтанатты түрде өткізеді. Халық үйілген ағашты айналып тұрады да, зорастр абыздары арнайы дұғаларды оқып, содан соң ағашқа от тигізеді. Бұл мейрам әр жылы Иранның зороастрлар көп шоғырланған Керман, Йазд аймақтарында және Теһран қаласында  тойланады.

Шәб-э эсфәнд (эсфәнд түні). Кашан, Фарс, Керман, Йазд сияқты Иранның орталық және оңтүстік аудандарында баһман айының (ирандық күн  күнтізбесі бойынша 11-ай) соңғы түні, яғни эсфәнд айының алғашқы түні (көптеген Шығыс халықтарының түсінігінде күн батқан соң келесі күн басталған болып саналады) «эсфәнд түні» деп аталады. Бұл түні халық әр түрлі шөптер мен дәндерді пайдаланып, «эсфәнд асы» деп аталатын тамақты әзірлейді. Бұл дәндер мен шөптердің түрлері Иранның  аймақтарында әртүрлі болып келеді.

Халық эсфәнд түні үйдің ошағынан түтін шығуы керек, әйтпесе  келесі жылға дейін ол үйде ырзық пен берекет болмайды деп сенеді. Кейбір жерлерде бұл түні Эсфандиар-э Руиинтән (иран мифтеріндегі Ахилестің ирандық прототипі) келеді деп сенеді. Сондықтан егер оның аты аш болса жесін деп, есіктің басына шөп іліп қояды.

Пәндже (бестік). Иранның ескі күнтізбегінде жылдың әрбір айы отыз күннен тұрады да, бір жылда барлығы үш жүз алпыс күн болады. Осы күндерге еш айға кірмейтін «пәндже» деп аталатын, ерекше аталып өтетін  бес күнді қосады. Осылайша, ирандықтардың исламнан бұрынғы  күнтізбегінде он екі айдың әрқайсысы 30 күннен тұрады және оларға қосымша бөлек бес күн тағы бар. Яғни, осылайша бір жылда 365 күн болып,  күн күнтізбегімен бірдей болады. Бұл бес күн ешқандай айдың,  жылдың да есебіне кірмейді. Сондықтан бұл күндерді жұмыс істемей, өлген адамдарды еске алып, көңіл көтеріп, қуанышпен өткізу керек деп санаған.

Кітаптарда бұл бес күннің атауы әр түрлі атаулармен беріледі: «пәндже», «пәндже-йэ доздиде», «пәнджуһ», «беһизәһ» (арабтар «хәмсе-йэ мостәрәғғе» яғни, «ұрланған бестік» деп атаған). Қазіргі кезде ескі күнтізбек халықтың санасынан ұмытыла қоймаған Йәзд, Кашан және Талған сияқты аймақтарда бұл күндерді «пәндже», «пәнджәк», «пәнджэ-йэ питок»  секілді сан алуан атаулармен атайды. Адамдар бұл күндері қабір басына барады, арнайы тамақтар пісіреді, кейбір жемістер мен көкіністерді жеу міндетті деп санайды. Талғанда осы бес күннің бірінде мүлдем жұмыс істемейді, «сиздәһ бе дәр» мерекесі секілді табиғат аясына шығып, «питок полоу» деп аталатын палау пісіреді. Тіпті бұл бес күнде күндіз ұйықтамауға тырысады, әйтпесе жұмысымызға «питок» яғни, кедергі келеді деп ойлайды.

 Әрәфе немесе жылдың соңғы жұмасының түні. Исламнан бұрынғы дәуірде ирандықтар жаңа жылдың басталуына он күн қалғанда (он тәулік) ұрпақтарын көріп кету үшін ата-бабаларының аруақтары аспаннан жерге түседі деп сенген.  Осы уақыт аралығында тірі адамдар ата-бабаларының  аруақтарын көңілдерін көтеру үшін хош иісті тамақтар әзірлеген. Бұл күндері жаман сөздер айтпаған, ата-баба рухтары ренжитіндей істер істемеген.

Ислам діні Иранда таралғаннан кейін бұл түнге байланысты рәсімдер мен сенімдер өзгеріп, екі күнге дейін қысқарды. Оның бірі жылдың соңғы жұмасының түні және екіншісі жылдың соңғы кеші немесе басқаша айтқанда жаңа жылдың түні. Бұл күнді «әрәфе» және кейбір жерлерде «әләфе» деп те атайды. Бұл екі түнде халық қабір басына барады, өлі аруақтар үшін садақаға жеміс-жидек, тәтті, құрма  таратады.

Чәһаршәмбе-йэ сури (сәрсенбі сури). Бұл мейрам Иранның басым бөлігінде кең таралған мейрамдардың бірі. Дәлірек айтсақ, жылдың соңғы  сейсенбісінде тойланады. Неге бұл мереке сейсенбіде тойланса да, «чәһаршәмбе сури» деп аталады? Қазіргі Иранда ресми күн түн жарымында басталып, келесі күннің түніне дейін жалғасады да, аптаның күндері түн ортасында ауысады. Алайда, күн Ирандағы ескі салт-дәстүр бойынша күн батқаннан кейін басталады, яғни күн батқаннан кейін сол күн аяқталып, келесі күн басталады. Бұл рәсім ұлттық мейрамдарды тойлауда ерекше байқалады.

Чәһаршәмбе-йэ сури сейсенбінің кешінде тойланады. Дәл осындай атауы бар бұл мереке міндетте түрде ислам діні кіргенен кейін пайда болған деген болжамдар бар. Себебі, ислам дәуіріне дейін ирандықтардың күнтізбегінде жұма және сенбі күндері болмаған және әр айдың отыз күнінің құдайлар мен періштелердің атымен аталған өз атаулары болған. Алайда, бұл мейрамның рәсімдерінен от жағу секілді исламға дейінгі дәстүрді де байқамау мүмкін еместігін айта кету керек.

Халық  бұл күні мерекені тойлау үшін базарға барып, арнайы заттар мен тамақтар сатып алады. Олардың кейбіреуін арнайы ниетпен сатып алады.

Бұл  күні от жағылатын арнайы орын (аулада не көшеде) дайындалады.  Жағылатын отындардың үйіндісінің саны міндетті түрде тақ болуы және тікенекті бұта болуы керек. Көшеде немесе аулада от жағылып, жастар осы оттың үстінен секіреді де, «зәрди мән әз то, сорхи-йэ то әз мән, (яғни, «сенің қызылың маған, менің сарым саған» деген өлеңдер айтады, өйткені, ирандықтар сары түс аурудың, қызыл түс денсаулықтың белгісі деп біледі. Отын жанып біткеннен кейін не істеледі? Кейбір аймақтарда жанұя мүшелерінің бірі жанған отынның күлін жинап алып, ағып жатқан суға ағызады.

Әр түрлі от шашулар да орындалады (тәрәғғэ, һәфт тәрәғғэ, һәфт рәнг, наренджәк, мушәк). Кейбір жерлерде бұл түні қуаныштың белгісі ретінде аспанға мылтық та атылады.

Бұл түні сондай-ақ арнайы чәһаршәмбе-йэ сури тамақтары  пісірілетінін айта кету керек. Бұл түнге арнап, «әджил» деп аталатын мейіз, құрма, тұт, кептірілген інжір, пісте, бадам, орман жаңғағы секілді кептірілген жемістер мен дәндер тобы  дайындалады.

Ноуруз (Наурыз). Иран мифтерінің кейіпкері Джәмшид патша жамандық құдайы Ахриман мен перілермен соғысып, оларды жеңеді. Хрустальдан өзіне арба соғуға әмір етеді. Арба дайын болған кезде Ахриманды оған байлап, өзі де отырады. Дамаванд тауының басынан ұшып, Вавилонға барады. Халық бұл жеңіске таң қалып, фарвардин айының бірінші күні  болған сол күнді «наурыз» яғни, «жаңа күн, жыл басы» деп атап тойлай бастайды. Мінекей, көне иран аңыздарына сүйенсек, наурызды тойлау рәсімі  сол заманнан басталады екен.

Наурыз басталмас бұрын Мазендеран аймағының кейбір қалалары мен Сәнгсарда Хаджи Фируз немесе Ноурузхан, Әзірбайжанда Сайачи, Ғазвинде Ноурузнасер секілді Наурыз кейіпкерлері арнайы қызылды-жасылды киімдер мен бастарына шашақты биік бас киім киіп, Наурызды мадақтаған өлеңдер оқып, ән салып, би билеп, халықты көңіл көтеруге шақырып, жаңа жылдың жақындағанынан сүйінші әкеледі.

Наурыздың алдындағы эсфәнд айын халық жаңа жылға дайындалуға арнайды. Базарлар халыққа лық толады. Халық наурыздың алдында тамақтар сатып алады, моншаға барады,  үй-жайларын толығымен тазалайды, ыдысқа шөпті көктетеді, мыс ыдыстарды тазалайды, жаңа киімдер сатып алады және т.б. дайындық жұмыстарын жасайды.

Наурыз келер алдында балалар жаңа киім алғызу үшін ата-аналарына әзіл өлеңдер айтатын дәстүр де болған. Мысалы: «Эйд амәд,  ма лохтим, дишәб бе баба гофтим (мейрам келді, біз жалаңашпыз, кеше әкемізге айттық)».

Наурыз қазіргі Иран мемлекетінің ресми күнтізбегі бойынша фәрвәрдин айы мен жылдың  бірінші күні, көктемнің басы. Наурыз күн мен түн теңескен сәттен, яғни, жердің күнді 365 күнде айналып біткен сәтінен, нақты сағат, минут пен секундтан басталады. Жаңа жылдың басталу уақытын ирандық ғалымдар алдын-ала есептеп шығарып, халыққа жариялайды.

Наурыз мерекесі күндері де (бұл мереке қазіргі Иранда ресми түрде бес күн тойланады да, мектептер мен университеттер екі апта демалады) арнайы тамақтар дайындалады. Жаңа жыл күні арнайы «һәфт  син (жеті син)» дастарханы жасалады. Бұл дастарханға сәмәну (өндірілген бидайдан жасалған тағам), сиб (алма), сәбзи (көк шөп), сомағ (сұмақ), сәнджед (жиде), серке (сірке суы), сир (сарымсақ)  секілді «син» әрпімен басталатын жеті нәрсе қойылады. Сол себептен бұл дастархан «жеті син дастарханы» деп аталады. Бұл дастарханға сондай-ақ Қасиетті Құран кітабы, боялған жұмыртқа, кеседегі суға салынған грейпфрут, айна, нарцисс гүлі, жағылған шырақ, аквариумдағы қызыл тірі балық, роза суы, тәттілер мен жемістер де қойылады.

Жаңа жыл басталған сәтте жасы кіші жанұя мүшелері үлкендердің қолдарын сүйеді. Отағасы оларға сыйлыққа ақша береді. Бәрі қосылып дұға жасап, құдайдан келесі жылды аман-есен қуанышпен өткізулерін сұрайды. Кей жерлерде халық жаңа жыл басталғаннан кейін үйге бірінші келген адам қандай болса, жыл да солай өтеді деп сенеді. Сондықтан Мазендеранның кейбір қалалары мен ауылдарында жолы болғыштығымен аты шыққан адамдарды алдын-ала шақырып қоятын рәсім бар. Оларға келгені үшін тәтті тамақтар мен азырақ ақша береді.

Келесі күні жаңа жылдық көрісулер басталады. Жасы кішілер жасы үлкендердің үйлеріне барып, оларды құшақтап, беті қолдарынан  сүйіп, жаңа жылмен құттықтайды. Жемістер мен тәтті-мәттілерден дәм татып, кейде сыйлық та алады. Құдаласып қойған бар жанұялар болашақ келіндеріне немесе керісінше күйеу баларына сыйлық жібереді. Бұл күндері қаралы үйлерге барады, шиғалардың он екі имамдары ұрпақтары қабірлерінің басына зиярат жасайды. Бұл көрісулер он екі күнге созылады. Жақын адамдар бұл күндері көрісіп, егер араларында реніш болса, ұмытуға тырысады.

Кейбір жерлерде жаңа жылдың алғашқы төрт күніндегі ауа-райына қарап, жылдың төрт мезгіліндегі ауа-райының қалай болатынын болжайды.

Сиздәһ бе дәр (13 есіктен шық). Ирандықтар 13-фәрвәрдин күні (жаңа жылдың 13-күні) астарын әзірлеп, үйлерінен сыртқа шығып кетеді. Жасыл-желек, тал-бағы бар жерлерге баруға тырысады. Халықтың сенімінде 13 саны «бақытсыз»  сан болып саналады. Сондықтан бұл күнді өз үйлерінен тысқары жерлерде өткізеді. Жерге кілем төсеп, түскі асқа тамақ, салат жеп, шәй ішеді. Далада билеп, ән салып, көңіл көтереді. Қыз балалар өздерінің жолын ашу үшін жасыл шөптерді өріп,  «сиздәһ бе дәр, сал-э дигәр, хане-йэ шоуһәр (он үш есіктен шық, келесі жылы, күйеуімнің үйінде болсам деймін) » деп әндетеді. Адамдар кеш батқан соң үйлеріне оралады. Иранның кейбір аймақтарында имамдардың (пайғамбар әулеті) ұрпақтары басына зияратқа барады. Палуандар күресі өткізіледі. Жаңа жылға өсірілген көк шөпті суға ағызады.

Жоғарыда айтылған ирандықтардың салт-дәстүрлерінен қазаққа етене таныс, бізге де тән  наным-сенімдерді байқауға болады. Атап айтсақ, екі халық та ата-баба аруағына ерекше құрметпен қарайды. Ирандықтарда өлі аруақтардың ризашылығы үшін тамақ пісіріп, садақа тарату дәстүрі болса, қазақтар әлі күнге дейін ат шаптырып, үлкен астар береді. Ирандықтар жылдың соңғы жұмасы түнінде  (яғни, бейсенбі күні түнде) аруақтар үшін хош иісті тамақтар пісірсе, қазақта үйде бір адам қайтыс болса, бір жылға дейін үйден иіс шығарып, әрбір бейсенбі  күні тамақ пісіріп, көрші-қолаңды шақырып, бейсенбілік жасайтын дәстүр бар.

Ирандықтар және басқа да Шығыс халықтары секілді  бұрын қазақтар да күн батқан соң келесі күн басталады деп санаған. Ата-бабаларымыз батып бара жатқан күнге қарап, өмірімнің бір күні өтті деп қайғырған.

Ирандықтардың түсінігінде әлі күнге дейін жылдың соңғы  сейсенбісі түнін, яғни сәрсенбі кешін атап өту аса маңызға ие. Қазақта «сәрсенбінің сәтінде» ұғымы да бар екені осындайда ойға еріксіз оралады.

Ирандықтар қазақтар секілді отқа құрметпен  қарайды. Ирандықтар жылдың соңғы  сейсенбісі түні, от жағып, жастар осы оттың үстінен секіретін болса, бұл  дәстүр бұрын қазақтарда да болған. Жастар Наурызда алтыбақан құрып, от жағып, оттан секірген. Қазақтың ұғымында  да сары түс аурудың белгісі, «сарғайып» деген сөзді қазақ тілінде аурудан солған деген мағынаны білдіреді. Сол секілді қызыл түс деннің саулығының белгісі, қазақта «қызыл шырайлы»  ұғымы дені сау, жағдайы жақсы адамның сипаты.

Екі халыққа ортақ мәдени құндылық – Наурыз. Екі халық үшін  де бұл мереке аса қымбат, аса қадірлі. Наурызға ирандықтар аса құлшыныспен  бір ай бойы дайындалады. Үйлерін, қора-қопсыларын тазалайды. Қазіргі қазақтар  христиандық жаңа жылдың алдында үй тазалап, ерекше қарбаласқа түседі. Демек, бұл - наурызда үй тазалау дәстүрінің  бізде де болғанының дәлелі. Қазақтар жеті дәмнен тұратын наурыз-көже дайындаса, ирандықтар «жеті син» дастарханын әзірлейді. Наурызда жақын-жуық ағайынмен көрісу дәстүрі Қазақстанның батыс аймақтарында әлі күнге дейін сақталған.

Міне, осындай мәдениетаралық ұқсастықтардан халықтардың алшақ, оқшау, өз бетінше өмір сүре алмайтынын көреміз. Иран-түрік халықтарының мәдени байланыстарының тамыры тереңде жатыр. Бұл ұқсастықтар көне замандардан бері бұл халықтар көрші тұрып, өзара мәдениетаралық ықпалдастықта болғанын дәлелдейді.

Боранбаева Айман Жұбатқанқызы

(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

 университеті, Алматы, Қазақстан)

 

Пікірлер