Отан қорғау - нағыз ердің ісі

3125
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда жастарды әскери қызметке даярлаумен шұғылданатын мекемелермен жауапты тұлғалар, болашақ сарбаздарды Қазақстан Республикасының әскери бөлімдерінде табысты қызмет етуге даярлауға аса жауапкершілікпен қарауда. Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету  - бүкілхалықтық іс  және ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра білу жауапты да, маңызды іс-шаралардың бірі болмақ.

Болашақ сарбаздарды еліміздің Қарулы Күштерінде өздерінің азаматтық борышын өтеуге дайындауда мектеп ұжымының атқаратын рөлі ұшан теңіз. Бұл тұрғыда  саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған білікті маман запастағы подполковник Құсайынов Сатывалды Тоқтарбайұлының жауапты қызметін тілге тиек етсек артық болмас.

Шәкіртсіз ұстаз тұл демекші, шәкірттері биік белестерді   бағындырып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса ұстаз үшін одан артық қандай бақыт керек.  Осы максатта тынбай еңбек етіп, өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқарып жүрген С.Құсайынов қызмет ете жүріп талай шәкірт тәрбиеледі. Солардың бірі ҚР ҰҚК Шекара академиясы 3-оқу дивизионының курсанты Задери Дэвид Романович.

Алматыдағы №5 мектепте сабақ беріп жүрген білікті маман, сол жерде жүріп 10-сынып оқушысы Д.Задериді бірнеше рет әскери-патриоттық клубтарға және әскери жоғары оқу орындарында ұйымдастырған шараларға апарып, оның әскери салаға деген қызығушылығын арттырған.. Кейіннен мектепті ойдағыдай аяқтаған Дэвид Романович көп ойланбастан ҚР ҰҚК Шекара академиясына оқуға тапсырған. Бүгінде, оқушысын мақтан тұтқан мектеп ұжымы, шекарашы курсанттың суретін құрмет тақтасына іліпті.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», - деп Абай атамыз айтқандай Сатывалды Тоқтарбайұлы, бүгінде Бостандық ауданына қарасты Ерменсай ауылындағы NGS жаңа буын ақылы мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр.

Жақында біз сөз етіп отырған білікті маман өзі қызмет етіп жүрген NGS жаңа буын ақылы мектебінің 50-ге жуық 10-сыныптың оқушыларын Шекара академиясына әкеліп, академияның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Шара барысында оқушылар академияның арнайы тактикалық факультетіне қарасты жалпы әскери пәндер және атыс дайындығы кафедраларын аралады. Онда тәжірибелі шекарашы, білікті офицерлер оқушыларға бірнеше минут дәріс оқып, кафедраның шығу тарихына қатысты деректі фильм көрсетті. Әсіресе, атыс дайындығы кафедрасында оқушылардың қызығушылығы артты. Мұнда шекарашы офицерлер АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасын белгіленген нормативтер бойынша шашып, қайта жинады. Ең қызығы, жаңағы бұзып жинаған кәнігі автомат пен тапаншаның электронды нұсқасынан нысана көздеген оқушылар өздерінің мергендіктерін сынап, нысанаға дәл тигізуге тырсты. Содан кейін 3-оқу дивизионына кіріп, курсанттардың казармасын аралап көрді. Сол сәтте курсант Задери Дэвид Романович оқушылар арасындағы ұстазын көріп, оны бас сала құшақтап, қуаныштан көзіне жас алды. Өз кезегінде шәкіртін оқушыларға мақтана таныстырған С.Құсайынов оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

«Жалпы білім беру мекемелеріндегі «Алғашқы әскери дайындық» пәні мен патриоттық тәрбие жұмыстарының маңызы жыл сайын артып келеді. Жастарды әскери қызметке даярлауда алғашқы әскери дайындық бөлімдері оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін көптеген игі іс шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, оқушыларды Алматы қаласы бойынша ұйымдастырылған аудандық және қалалық жарыстарға қатыстырып, талай рет жүлделі орындарды иелендік. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша алғашқы әскери дайындықтан беретін оқытушылар арасында талапқа сай жабдықтаған ең үздік кабинет номинациясын жеңіп алдық.  Осы пәнді оқыту барысында, оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдылары шыңдалып, әскери-патриоттық жарыстарға қатысу арқылы әскери қызметке деген қызығушылығы артады. Оның үстіне, әскери жоғары оқу орындарына жиі-жиі  барып, тығыз қарым-қатынас орнатқанның арқасында алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келетін оқушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді», -дейді ол бізге берген сұқбатында.

Мың рет естігенше, бір рет көрген артық демекші, осындай шаралар барысында жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге деген  қызығушылығы оянатыны анық. Сондықтан болу керек біз сөз етіп отырған Сатывалды Тоқтарбайұлы оқушыларды тәжірибелік сабақтарға араластырғанды үрдіске айналдырған. Соның нәтижесінде, қастерлі шекарашы мамандығын таңдайтын оқушылар қатары өсуде.

Иә, айтса айтқандай-ақ шынында да, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарсыз ел болашағын көз алдыңа елестету тіпті де мүмкін емес.  Әскери қатал тәртіпті, адалдықты, жолдастық сезімді осындай іс-шаралардан бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірлік жолында қандай да болсын қиындықтарды оңай еңсереді. Олай болса, Отан қорғау  - нағыз ердің ісі! Отанға қызмет –абыройлы міндеті.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының

баспасөз хатшысы    

 

Пікірлер