Туризм арқылы аймақтарды дамыту мәселесі қарастырылды

3754
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде туризм экономиканың әлемде белсенді дамып келе жатқан бір саласы. Соңғы бірнеше онжылдықта шетелдік туристерді тартуға байланысты қарқынды түрде жүргізіліп отырған реформалардың нәтижесінде бірнеше ел өз экономикаларын әлдеқайда жоғарғы деңгейге көтеріп алды десе де болады. Егер сандық-статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, табысы қомақты басқа салалармен салыстырғанда туризм саласының салмағы басым екендігін айқын байқаймыз. Мамандардың зерттеуінше, туризм саласы 2005 жылдан бастап жеңіл автокөлік пен мұнай экспорттауды артта қалдырып, кіріс әкелу жағынан бірінші орынға шыққан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Туризмнің ел экономикасындағы ықпалды орны мен маңыздылығы 10-11 ақпан күндері Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде орын алған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияда кеңінен айтылды. «Туризм аймақтың тұрақты даму факторы ретінде» тақырыбындағы бұл ғылыми бас қосуды Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Алтай Республикасы Табиғи ресурстар, экология және туризм министрлігі мен Таулы-Алтай мемлекеттік университеті (Ресей) бірлесе ұйымдастырды. Конференция жұмысына Қазақстан мен Ресей ЖОО-ларының, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдері, туристік индустрия саласындағы 100-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты. Конференцияда мамандар туризм индустриясы саласындағы жалпы әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде білім сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейту мақсатында тәжірибе алмасты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінің ашылу салтанатында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова жоғары білімнің халықаралық туризм саласындағы рөліне тоқталы, әлемдегі,соның ішінде Қазақстан мен Ресейдегі даму үрдісінің мән-жайын баяндап, өңірлік және халықаралық туризмді дамытудағы өзекті мәселелермен бөлісті.

«Біз әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі – Халықаралық туризм деңгейі жоғары дамыған, Алматы қаласында өмір сүріп, жұмыс істейміз. Мұнда тау басындағы «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты және әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін басқа да көрікті жерлер орналасқан. Туризмнің қолайлы аймағында орналасқан Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті ынтымақтастық үшін ашық және туризм индустриясы саласында өңірлік инновациялық-білім беру кластері болуға дайын» - деді.

Отандық және шетелдік мамандар тарапынан конференция барысында өзекті тақырыптар қозғалып, ұтымды ойлар айтылды. Осы тұста тақырыпқа қатысты баяндаманы Ректордың міндетін атқарушы, құқық, философия және әлеуметтану кафедрасының доценті, ЮНЕСКО-ның «Таулы аумақтардың тұрақты дамуы» кафедрасының меңгерушісі В.О.Недельский жалғастырып, туризм саласының дамуындағы түйінді мәселерге тоқталып, кадр даярлауда алға қойылатын негізгі мақсаттарды баяндады.

Екі күнге созылған онлайн-конференция нәтижесінде туристік индустрия саласын дамыту, туристік әлеует ті арттыруда оқытушылық құрамның білім мен жұмыс тәжірибесінің деңгейін жетілдіру қарастырылды. Сапалы білім беру нәтижесінде білікті маман даярлауға жолдары айқындалып, алған жетік тәжірибені білім беру процесінде тиімді қолдану ұсынылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер