70% қазақ қазақша сөйлесе, тіл мәселесі болмас еді!

3825
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы орыс ұлты өкілдерінің орысша сөйлегендері олар үшін өте дұрыс. Өйткені әрбіреуі өз тілі мен мәдениетінің өміршеңдігін сақтап отыр. Ұлт алдындағы міндеттерін ұғынады. Балаларына да соны үйретеді.

Ал қазақ тілінің қажет тілге айнала алмауы, ол өзіміздің самарқаулығымыздан. 2021 жылғы халық санағы бойынша еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жетті. Халқымыздың санына қарасақ, тіл мәселесінің күн тәртібінде тұруының өзі біртүрлі. 30 жылда орыстілді қазақтар былай тұрсын, басқа ұлттарды да қазақтармен мидай араластырып жіберуге болар еді.

Әркімнің ығына жығылу, ыңғайында кету қазақтың әдетіне айналып бара жатыр. Бір жағынан, қазақтар, әсіресе қазақша сөйлейтін қазақтар мемлекеттік тілді білмейтіндерге түсінісу үшін толеранттылық танытып, орысша сөйлеп жүр. Қашан керісінше болады екен? Жанымызды аяздай қаритыны осы.

Әлеуметтік желілердің бірінде өзге ұлт өкілінің "қазақша үйренгеннен, ағылшын тілін үйренгенім пайдалы", – дегенін естіп қалдым. Әрине ол өзінің пікірі. Ал қазақ үшін қазақ тілі ешуақытта ештеңеге айырбастауға болмайтын ұлттық құндылық қой.

Сондай-ақ бұл намыс мәселесі. Намысын қолдан бермеген қазақта "Намысы бар жігіттің, нар күші бар. Намысы жоқ жігіттің, қай күші бар?", – деген сөз бар.

Орыстілді қазақтарды бір бөлектеу емес, саналарын сілкіндіріп, намыстарын қайрау мақсатында "Қазақ тілінің дамуына орыстілді қазақтар кедергі болып тұр!" деген жазбам "Елана" порталында жарияланған болатын.

Бірнеше орыстілді сайт осы мақалама реакция беріп, тақырыбын бұрмалап, орыстілділерге қолдау білдіріп қойыпты. Қазақ тіліндегі сайттар болса, керісінше. Екі түрлі қоғамды бір идеология төңірегіне топтастыруға асығуымыз керек деген ойдамын.

Халел Досмұхамедұлы "Өз тілін білмеген ел – ел болмайды", – дейді. Тіліміздің мемлекеттің барлық саласында функционалдық тұрғыда үстемдікке ие болуы өз қолымыздағы шаруа екенін ұмытпайық.

Қазаққа қазақ тілінен безетіндей не көрінді?

Қуаныш Жұмабекұлы
"Еуразия зерттеулері" мамандығы бойынша PhD докторы, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы

Пікірлер