Зейнеп Ахметова: Бауыржан Момышұлы 4 күн бойы жерленбей жатып қалған

6140
Adyrna.kz Telegram

Бауыржан Момышұлы 4 күн бойы жерленбей жатып қалған. Бұл туралы батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова “Зейнеп апаның әңгімелері” бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.

“Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанының 250 жылдығы өтіп жатқан кезде атам қайтыс болды. Қосылсаңдар қосылыңдар, мен кеттім дегендей.. Соныменен атамыз 4 күн  жерленбей жатып қалды. Өйткені, тойдың кезі болатын. 250 жылдық өткен күннің ертесіне РСФСР әдебиеті мен мәдениеті күндері басталды. Бүкіл орыстар көшіп келді, атақтыларының бәрі Алматыға келді. Сондай кезде атаны шығарып сала алмады. Өйткені, халық келеді, жиналады. Құдай басқа салмасын, әлі күнге дейін ойласам, жүрегім сыздап кетеді”, – деді Зейнеп Ахметова.

“Бізді араластырмайды, бізге рұқсат етпейді. Ол Совет Одағының кезі. Қазір болса әй, кет ары дейміз ғой. Ал ол кезде өйте алмайсың. Сөйтіп төртінші күні ғана ата жерленді. Бірінші Кеңсай деп аталатын жерде жоғары жағына төбеге ата жалғыз қойылды”,- деді жазушы.

Ал жерленген күні Алматының ауа райы да тосын мінез танытыпты.

“Жерлейтін кезде әскери адам болған соң солдаттар аспанға оқ атты. Үш мәрте. Сосын атаны жерге түсіретін кезде аспанды аяқ асты қара бұл торлап, найзағай ойнап жауын жауды де кетті. Біреулер бұл оқ атқаннан болды дейді. Ал меніңше бұл табиғатың бір тылсым күші ма, Алла тағаланың атаны осынша күн жатқызып қорлағанына кейігені ма, ренжігені ма түсіну қиын”,- деді Зейнеп Ахметова.

Естеріңізге сала кетейік, Бауыржан Момышұлы 1982 жылдың 10 маусымында 71 жасында өмірден өткен болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер