Ескерткіш құлағанымен Елбасы орнында! - Мұхамеджан ТАЗАБЕК

6623
Adyrna.kz Telegram

Қоғам қайраткері, айтыскер ақын, дінтанушы Мұхамеджан Тазабек өзі басқаратын Talim.tv арнасына сұхбат беріп, елдегі соңғы жағдайларға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Orda.kz сайтының мәлімдеуінше, соңғы күндері Тоқаев Елбасы әулетінің адамдарын қызметтен алып жатыр. Осы оқиғалар сізді уайымдата ма?

– Мен не үшін уайымдауым керек? Тимур Құлыбаевпен бірге мұнай сатып па едім, Қайрат Шәріпбаевпен бірге газ сатып жүр ме едім?! Елбасы әулетіндегі кейбір адамдармен сыйластық, сұхбаттас болдық. Қызмет деген ешкімнің атасынан қалған мұрасы емес. Белгілі бір әулеттегі белгілі бір адамдардың қызметі түгіл, атақты династиялардың да ақыры болған. Лауазымдағы адамдар ауыса береді, халықтың ырысы қалсын. Елбасы мені айтыскер ақын ретінде жақсы көрді, рухани ағартушылық жұмыстарыма ақылын айтты, – деді Тазабек.

Сіз Елбасының бауыры Қайрат Сатыбалдымен жақсы қарым-қатынаста екеніңізді елдің бәрі біледі. «Крышамнан» айырылдым деп қорықпайсыз ба?

– Біріншіден біз бірнәрсені білуіміз керек, әр пенденің бір Құдайдан басқа крышасы жоқ. Қазақтың бір қамкөңіл, иманды жігіті болса, Қайрат ағадай-ақ болсын. Халықтың игілігі, ұлттық өнердің игілігі үшін көп өтініштермен алдына бардым. Қайрат ағамызға қазақтың ақындары риза болды. Мен ұмытпасам Қайрат ағаның себепкер болуымен 20 шақты ақын темір тұлпарға ие болды. Намаз оқиды екен деп, террористпен байланыстыруға болмайды. Патшаның інісі болу деген сынақты көбіміз көрген жоқпыз. Патшаның інісі болмақ түгіл, Жұмабектің бажасының өзінің не істегенін көріп отырмыз ғой, – деді ол.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер