Бригадир Әли

3129
Adyrna.kz Telegram

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкері Әли Қожалепес көп жылдан бері бригадир болып істейді. 

Әли 22 жасында зауыттың дайын өнім цехына жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бері жеті жыл өтті. Бастапқыда металл ұсатқыш, кейін бригадир болып жұмыс істеді. Тіпті ауысым шеберінің де қызметін атқарды. Алайда былтыр еңбек демалысында жүріп, өзін жайсыз сезіне бастаған соң, дәрігерге қаралады. Нәтижесінде Әлидің бойынан пневмониядан бөлек өкпесінен туа біткен патология анықталған.

— Бұған дейін денсаулығым сыр беріп көрмеген. Бәлкім пневмония сол ауруды уақытылы анықтауға көмектескен шығар. Сөйтіп қыркүйек айында бірінші ота жасаттым. Жұмысқа қайтып оралдым да, қараша айында қайтадан ауруханаға жатуға тура келді. Екінші отадан кейін қалалық комиссия маған 3-топ мүгедектігін тағайындады. «Әлі де жаспын, алдымда не күтіп тұр?» деген түрлі ойлар мазалады. Себебі зауыттан басқа жерде жұмыс істеп көрмедім, болашағымды кәсіпорынмен ғана байланыстырдым. Отбасым бар, жарым бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықты. Сондықтан мүгедектік тағайындағанда, төбемнен су сепкендей көңіл-күйім түсіп кетті. Дәрігерлердің нұсқамасы бойынша зауытта жұмыс істеуіме тыйым салынды, — дейді 29 жастағы Әли Қожалепес.

Дегенмен Әли қамқорлықсыз қалмады, кәсіпорын басшылығы көмекке қол ұшын созды. «Халықтық бақылау» жобасына қатысып, үйден жұмыс істейтін бейнебақылау операторы болуға ұсынды. Бақылаушы ноутбукпен, модеммен, интернетпен және телефонмен жабдықталған. Зауыт интернет пен телефон байланысын өз есебінен төлейді. Ал кәсіпорынның IT-қызметі қашықтан жұмыс істейтін пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсетеді.

— Күніге төрт сағат жұмыс істеймін, — дейді бақылаушы. – Қолымда ноутбук және Wi-Fi, яғни қалаған бөлмеме кіріп, өзіме ыңғайлы жерде отырамын. Бейнекамералар арқылы бірінші, екінші және төртінші цехтағы өндірістік процесті бақылаймын. Қауіпсіздік техникасы орындалмай, кемшіліктер анықталып жатса, суретке түсіріп, тіркеп аламын. Ауысымым біткен соң, есебімді цех басшыларына, өзімнің жетекшіме жолдаймын. Көбіне қызметкерлер көзілдірікті дұрыс кимейді немесе құрал-жабдықтарды қараусыз тастап кетеді. Осындай ұсақ-түйек кемшіліктер ғана анықталады.

Әзірге зауыт  басшылығы Әлимен бір жылға келісімшарт жасаған. Егер медициналық комиссия оның саулығын растап, қайтадан мүгедектікті тағайындамаса, онда Әли ферроқорытпаны фракцияға бөлу және тиеу бөлімшесіне қайтып оралады.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер