«DeFacto FM» интернет-радиосы ақпарат алаңын толықтырды

4543
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында алғаш рет 2020 жылы инклюзивті бағыттағы интернет-радио жұмысын бастаған еді. Жобаның  негізін қалаушылар «Мейірім» қоғамдық бірлестігі.

Жетісу өңірінде 67 мың кем бағалы адам тұрады. Оларды тұрақты жұмыспен қамту, белсенді қоғам өміріне тарту ісі өзектілігін жойған емес. Осы орайда, Алматы облысында маңызды бастама жолға қойылған.

Ендігі де өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтар БАҚ саласында бағын сынамақ. Облыстық «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен «DeFacto FM» интернет-радиосы өз жұмысын бастаған болатын.

Бүгінгі күні мұнда 4 кембағалы азамат пен 4 студент еңбек етуде. Олардың мамандықтары әр түрлі болғанымен шығармашылыққа деген қызығушылықтары радионың маңына топтастырған.

Солардың бірі Ернат Қасмұханов. Ол 2-ші топтағы мүгедек. Тағдыры сын тезіне салса да еш мойымаған жан. Негізгі кәсібі жаттықтырушы, өзі де спорт саласында жетістіктерге қол жеткізген азамат, ҚР спорт шебері.

Балаларды жаттықтырып қана қоймай, БАҚ саласына бет бұрып жүрген жайы бар. «DeFacto FM» интернет-радиосында журналист ретінде шыңдалып, сұхбатқа негізделген бағдарламаларды әзірлейді.

«DeFacto FM» радиосы бұл ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың шығармашылық жағынан жұлдызын жағатын орта. Мұнда олар даму мен жетілуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар жұмысқа орналасып, өздерінің құқықтарын заңды түрде қорғай алатын дәрежеге жетеді. Себебі, бұл ақпараттық алаң. Мұнда жүріп өздеріне керекті маңызды мәліметтермен таныса алады»,-дейді «DeFacto FM» инклюзивті интернет-радиосының интервьюері Ернат Төлеуғазыұлы.

Жоба жетекшілерінің алдыға қойған мақсатты мүгедектерді еңбекке тарту, аймақтағы және басқа да облыстардың  мүмкіндіктері шектеулі адамдарының әдеби және музыкалық шығармашылығын дамыту болып табылады.

Бүгінгі таңда радиодағы маман санын арттыру,  қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісі жолға қойылған.

«Біз арнайы грант ұтып алдық. Онда 1 млн. теңге қаржылай көмекке ие болдық. Соның арқасында интернет-радио аштық. Бізге жұмысқа тұруға 20 шақты адам келді, олардың ішінен тек 8-і ғана штатқа қабылданды. Біздің жұмыста кәсібиліктен бұрын адамгершілік бірінші орында. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау оңай емес»,-дейді «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлвира Нұрханқызы.

Бірлестіктің қолға алған ісі мұнымен толастар емес. Алдағы таңда қоғамның ерекше мүшелері еңбек ететін сұлулық салоны алышмақ. Осылайша өңірдегі шексіз мүмкіндікке ие азаматтар үшін дамудың дара жолы ашылмақ.

Пікірлер