«Кез келген маман болар едім... Тек қасымда әйелім болса, жетеді»

2515
Adyrna.kz Telegram
форд
форд

Сенім – құдыретті күш... Кімнің сенімі мығым – оның алар асуы да биік болмақ. Біз Құдыретті Құдайға сенген, көзге көрінбейтін әруақ-рухтарға құрмет көрсеткен қазақ деген ұлтпыз. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр атырапқа ие болып отыруымыздың өзі сол қазақтың сенімінің қандайлық ұлы болғанын білдірсе керек...

Бірақ, қазір сол ұлы сенімнен ада қалдық. Қарыз беру, ақшалай қарым-қатынас жасау, аманат алу секілді ұлттық болмысымызда бар игі қасиеттерімізден заман ағымына орай айрылып жатқандаймыз.

Біз бүгінде өзге тұрмақ, өзімізге сенбейміз. Оң қолымыз істегенді сол қолымыз көрмейтін заман туды. Алдау, арбау, мүмкіндік болса қарпып қалу... Осындай жағдаяттар көбейгендіктен де қарыз берсең де қағазға жүгінуге мәжбүрміз. Рас, келісім-шарт жасасқан, заңдық тұрғыда қорғалған бизнестің ертеңі бар. Десе де, жеке адамға деген сенімнің ақталар тұсы да аз емес екенін бір мысалмен дәлелдеп көрсек...

«Форд десеңіз – автомобиль, автомобиль десеңіз – Форд еске түседі» деген ағылшындардың қанатты сөзі бар. Өткен ғасырдың 20-жылдары қарапайым американдықтар XX ғасырдың ең үздік бизнесмендерінің бірінің еңбегін мойындап, осылай деп баға беріпті. Ол бағаға дейін бұл Генри Фордымыз ешкімнің сеніміне кіре алмаған.

Ол талай уақыт тар жол тайғақ кешуден өтті. Сөйтіп жүріп, ирландтық текті ауыл баласы заманауи капитализмнің негізін қалады.

ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы... Детройттағы электр компаниясында жас механик жұмыс істейтін. Ол аптасына бар болғаны 11 доллар (5 мың теңгеге жетпейтін ақша) табыс табатын. Ол күніне 10 сағат жұмыс істегенімен қоймай, үйіне келген соң да сарайына кіріп алып жұмысын жалғастыратын. Арманы қозғалтқыштың (мотордың) жаңа түрін ойлап табу еді. Сол арманға қол жеткізу үшін еш кедергіге мойымады.

Әкесі «уақытыңды босқа шығын етіп жүрсің» деп ренжитін. Көршілері оны «жынданып кеткен адам» деп ойлайтын. Таныстары да, достары да, туыстары да оған сенген жоқ.

Тек әйелі ғана қолдау білдірді. Оның түнде алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап берді, жұмысына көмектесті. Ол күйеуі жұмыс істеп жатқандықтан бірнеше сағат бойы оның керосин шамын ұстап тұрды. Қолдары көгеріп, өңі бозарып кететін. Сөйтіп жүріп, суық тиіп ауырды да... Бірақ ... ол күйеуіне қатты сенді! Жылдар өткен соң сарайдан шу естілді. Артынша көршілер атсыз жолмен бір арбаның өздігінен жүріп бара жатқанын, ол арбада өздері жынды санайтын Генри мен мен әйелі келе жатқанын көрді.

Генриге тек әйелінің сенімі шабыт берді.

Фордтан кейіннен бір журналист өмірге қайта келсе кім болғысы келетінін сұрапты. Сөйтсе данышпан: «Кез келген маман болар едім... Тек қасымда әйелім болса, жетеді» депті.

Генри Форд алты ағайынды еді. Отбасы өмірі бір сарынды өтетін: ата-анасымен бірге балалар үй шаруасын жасады, фермада жұмыс жасады, шошқа бағып, таң атқаннан кеш батқанша егісте ерінбей еңбек етті. Генри әкесінің фермасында мықты шаруа адамы бола алатын еді, бірақ мұны тағдыр жазбады. Өзіне деген сенімі, ол сенімге әйелінің елітуі оны өзге жолға салды.

Оны құрылғылар мен механизмдер әсері өз тереңіне бойлатып әкетті.

Қош, Детройтта бірінші автомобиль оның өмірлік бизнесіне жол ашты. Әлемді мойындатты...

Ал, бізде, біздің ұрпаққа деген сеніміміз бар ма? Оларға қазір нені үйретіп жатырмыз? Бізде де темір-терсекке үйір балаларды «жындандыға» санап жүрген жоқпыз ба?

Түйін

Қазір 18 миллион халықтық нарығымыз бар. Оның сыртында жағымсыз да жасанды одақпен жасалған нарық тағы бар. Ал миллиардтаған адамзат баласы қолданатын «дүние жасау» қазақтың басына жазылмаған ба? Адамзаттың игілігіне жарайтын өнім өндіруге неге талпынбаймыз? Себебі, бізде сенім жоқ. Сенім жоқ жерде ұлық нәтижеге жете алмайтынымыз анық...

Қанат Бірлікұлы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер