Балаларға базарлық: Сайрампаз құс (тай ертегісі)

7501
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталының оқырмандарының кішкентай бүлдіршіндеріне арналған қуанышты жаңалығымыз бар. Алдағы уақытта белгілі  жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ аударған әртүрлі халық ертегілерін назарларыңызға тұрақты ұсынып отырамыз. Ғибраты мол ертегілерден балаларыңыз құр қалып қоймасын.

Сайрампаз құс (тай ертегісі)

«Азия халықтарының ертегілері» циклынан

Ертеде даусы зор кішкене ғана құс болыпты. Ел-жұрт оған «Бұл – менікі» деп ат қойып, айдар тағыпты, себебі ол әркез егістік пен өзендер үстінен ұшып өтерде:

         – Бұл – менікі, бұл – менікі! – деп саңқ ете қалатын ұқсайды.

         Бірде әлгі құс піскен жеміс ағашын тауып алады. Жемістің көптігі соншалық, ол бір жылда да тауысып бітіре алмас еді. Ағаш маңында бірде-бір қанатты болған жоқ.

         Тұрқы шағындау құс табан астындағы олжасына таңырқап, ағашқа қона кетіп, бұтақтан бұтаққа секіріп, оңды-солды, алды-артындағының бәрін тегіс шоқып, шамалы уақыттан кейін тояты қанады. Алайда, ол өзге де құстар біліп қояды деп сезіктенсе керек:

         – Бұл – менікі, бұл – менікі, – деп жан-жақты жаңғырта саңқылдайды кеп.

         Даусының қатты естілгені сондай, бүкіл құс атаулы не болғанын білу мұратында сол жерге жиылады. Әлгілерің ғажайып, шырынды, әрі нәрлі жемістерді көрген бойда-ақ көздері ойнақшып, жаздай жадырап, шоқып-шоқып, пыр-пырлап ұша жөнеледі.

         Ағашты айналшықтаған байқұс құс бағанағы әуенге басты дейсің:

         – Бұл – менікі, бұл – менікі!

Фото ашық дереккөзден алынды 

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.

 

Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды.

Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

Пікірлер