Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен 10-тамыз Абай күні болып бекітілді. Мемлекеттік деңгейде аталып өткен ақынның туған күнінде Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі О.Досбосынов атындағы ақындар орталығы "Абай жаққан бір сәуле сөнбейді" атты онлайн поэзия кешін өткізді. Аталған жыр кешінде орталықтағы талантты жастар Абайға арналған өз өлеңдерін оқып, хәкім шығармашылығы қақында сөз өрбітті. Тағлымға толы онлайн поэзия кешіндегі дана Абайға арнаған орталық жастарының өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Абайды жоқтау
Нақышына келтіріп өлең күйін,
Шыққан тұсқа қарайын, елеңдейін.
Нелер дана, келгенмен,нелер сыршыл,
Дәл өзіңдей жан тумад сенен кейін.
Үздіккенмен жалғауға сара ізіңді,
Көре алмадық ақылман сабазыңды.
Өлшем таппай өзіңнің тастап кеткен,
Қолданамыз әлі күн таразыңды.
Сөзімізде "түзуміз, арға жақпыз",
Адамдықтың алдында "малға жатпыз".
Көйлегі мен көңілі ауысқанмен,
Қараңғылық қармаған сол қазақпыз.
Бақыларын Құдайдың күн де ескеріп,
Бүгінгідей тайраңдап жүрмес пе едік.
Өзің болсаң, қарт ата, ары барлар,
Бірін-бірі сөкпес пе ед күндес көріп.
Күйіп айттың,жоқ мүмкін,жаның ашып,
Жұртың қалды, әйтеуір, жамырасып.
Өлшемге сап өмірін қалып еді,
Кетпесе де аспандап, қадірі асып.
Замана өтіп нетер ед бір жаңғырсақ,
Келермісің, оу, ата жылдар жұмсап.
Сені әкелер қалмады Құнанбай бел,
Сені туар қалмады Ұлжан құрсақ.
Нұрболат Жексенбай
Кеш ұлыңды .
(Абаймен сырласу)
Талантыңа тағзым еткен бар ғалам, Қасиетіңе бас қояйын әз бабам. Мұзбалақсыз құз басында түлежіп, Туған елдің зеңгірінде самғаған.
Өлі ұйқыдан оянамын түндерде, Нәлет айтып күйігі көп күндерге. Жыр перісін кірлетпе деп киелі, Аманаттап кеткен едің біздерге.
Соқтықпалы, соқпағы көп жолдарың, Бәрін бастың тереңіне бойладың. Ұйқысыз түн толассыз ой толғатып, Ұйқыдағы жұрттың қамын ойладың.
Сізге қарай жетелейді сан арман, Айдын едің аққулары таранған. Сұлу шолпан сүмбілені ізедедің, Бар қазақтың атса екен деп таң алдан.
Қырпулы сөз қыр аса алмай қыраулап, Мұғжиза есім мұңға бесік мұнар бақ. Ұлт намысын ойлайтұғын ұландар, Өз намысын кетті бүгін ұрандап.
Қодар қиял, Тәкежандар қорынды, Әулекі Әбен кері кесті жолыңды. Оразбайлар орағытып қамшысын, Шешіп алды алтын зерлі тоныңды.
Ақ лескиім нөсер төгер ақша бұлт, Ағыл-тегіл армандарын ақтарып. Жемтемір жыл кемесіне отырып, Келте ғұмыр кетіп едің аттанып.
Тас талқанын шығардың да мазақтың, Дастарқанын нар алашқа тараттың. Қазақ халқын бар әлемге танытып, Ортасына қайттың қайта қазақтың.
Жетім көңіл, жырынды ой жыл өтті, Ырысыңды ірің кеулеп ірепті. Ел деп ғұмыр кешіретін ордаңнан, Тербеп тұғыр, талай қыран түлепті.
Қоңыраулатып құлағымды жүр үнің, Дуылға ғып думан топтың дүбірін. Тұман басып, тұлпар елдің даласын, Айдалада адасып жүр құлының.
Сансыратты санамызды мың сұрақ, Қансыратты күшік ойлар қыңсылап. Қалғып кетсем оятады ұйқымнан, Шыңғыс тауы намысымды шымшылап.
Қасиетің қанда қалмай өзгерді, Төле би жоқ жатқа сыйлап төрлерді. Рухы өліп, ой санасы құлданған, Кешіре көр, арманы әлсіз пендеңді!
Жасар Нұрданбекұлы
Абай атама
Жырлайды жүрек, өзіңізді жырлайды,
Өлеңіңмен көк аспанда шырқайды.
Қара сөзің қанат болып қиялға
Нақылдарың санамда еш солмайды.
Абай ата тұнық, мөлдір бұлақтай,
Өлеңдері құйған құрыш болаттай.
Әндерінің әсем сазды әуезі
Ұрпақ үшін жанып тұрған шырақтай.
Абай ата бір өзіңіз пірімсіз,
Әр сөзіңіз үйлесімді тұр мінсіз.
Қазағымның қара түнек санасын
Қарасөзбен қақ жаратын сіз-күнсіз.
Түн-түнектен алып шықтың халқыңды ,
«Көзін жоям» -деп жауларың алқынды.
Қара күшке келмеген соң,алдамақ
Болыстықты ,үйіп-төкті алтынды.
Сахараға білімнің нұрын шаштың.
Надандардың көкірек көзін аштың.
Қарасөзбен ақылдың дәнін ексең,
Өлеңдерің үгітер өзін тастың.
Қазақта сенен асқан шың жоқ шығар,
Сен тұрғанда халқыңа түн жоқ шығар.
Соқтықпалы,соқпақсыз жерде өстің
Басыңда қуаныштан мұң көп шығар.
Жырдың шаппас жорғасы өзің едің ,
Өлең үшін қиындыққа төзіп едің.
От шашқан,жалын құшқан өлеңдерің
Өлмесін мәңгілікке,сезіп едің.
Қазақтың биік ұшқан қыраны –сен,
Тоғайда ерке өскен бұланы –сен.
Шөлдеген жыр сусынын қандыратын
Шөлдегі таза кәусар бұлағы –сен.
Халқыңа сен тұрасың қорған болып,
Бір өзің қалың тоғай,орман болып.
Ардақтап есіміңді атай берем
Арттағы ақындарға арман қылып.
Жәйдар Нұрбекқызы
Абай дара Абай дана қазақта
Ұрпағы сонау сақтан қалғандардың.
Ұлы тауды мекендеп алғандардың.
Безбенделген басынан өткен заман,
Өзіңдей болған батыр жалғанда кім?!
Тұла бойы тамырыңда ием рух,
Тарам-тарам тарихыңда тылсым күш.
Қарабайыр өлеңімен киелі,
Жылы қабақ жанарыңда жыр сіңгіш
Асқар таудай айбыны бар ар ождан,
Асқақтаған ай күні бар тәрізді.
Астарланған жай күйі де парыздан,
Хауассалим ұштастырған ар ізін.
Құшағына қысатұғын қазақтың,
Тұсауынан түс ағына жеткенше.
Ғақлия өлеңдері ғажап тым,
Тауыса да алмас өмір өткенше.
Қара бауыр қасқалдақтай қасқайып,
Тоғыз тарап тосқауылдай тосқан ба.
Алашына жол бағдар боп бастайтын,
Темірғазық жұлдызындай аспанда.
Үйеңкідей үстем болған мерейі,
Тобылғыдай қою қызыл тосылған.
Алашына салып берген ақ жолы,
Ақ серкенің жон етіндей осылған.
Алашымда алыптар бар Тасөткел,
Қазағы үшін қар самайдан тасып тер.
Дуа дарыр жанға дауа, берік серт,
Ал мызғымас ашуын кеп басып көр.
Бұла таңым безбеген бұрын маған,
Жер жастанбас жырларым жұлынбаған.
Ұрпағыңа медет бер ұлы бабам,
Құлыныңа медет бер ұлы бабам.
Ахмади Айбын