Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

6493
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі кезде  барлық елдер мен мемлекеттер жаһандану үдерісінде өмір сүруге дағдылануда. Дәлірек айтқанда, жаһандану кезінде Батыс мәдениеті құндылықтары белең алып, күннен күнге үдей түсуде.

Мұндай үдеріс халықтың байырғы ұлттық құндылықтарының бір жола құлдырап құрдымға кетуіне түрткі болады деген секем бары анық. Әрине, батыстың білім-ғылым, технологиясы керек-ақ,  дегенмен бұл бізге әсер етпей қоймайды. Болашақ жастар қоғамымыздың ең белсенді де әлсіз тұсы, яғни өзегі болып табылады.

Атақты ұлтшыл Гитлер: "ұлтты жою үшін күш жұмсау қажет емес, тек сол елдің жастарына азғынды музыка тыңдату қажет", - деген екен. Еліктеу әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтордың әсерінен тез белең алуда. Бүгінгінің жастары - заманауи, практик. Енді өсіп келе жатқан жасөспірім ғаламтордан керекті де керексіз ақпараттарды кезіктіреді де, онымен танысып, тез иемденеді.

Өз басым батысқа еліктеуден бұрын, еліктеу" деген сөздің өзін ұнатпаймын. Олай дейтінім, жақсы яки жаман тұрғыдан болсын тұлға тұлғаға еліктеу барысында ол өзін ұмытады. Кейіннен қоғамда анаған-мынаған еліктеп жүріп өз орнын таба алмай қалады. Әр нәрсенің екі ұшы болады, сол секілді шама-шарқы да болады.

Кейде ойлайтынмын, бала күнімізде ата-анамыз қылт етсе болды  “жұрттың баласы, елдің баласы” дейтұғын. Содан ба екен,  көбісі басқаға еліктеп өзінің маңыздылығын ұмытып та жатады. Әрине, бұл өз ойым. Абай атамыз  "жақсыдан үйрен, жаманнан жирен”деп айтпақшы, үйренуді білмесек те жиренуді білейік, ағайын.

Ақыл Ғалымзат,

Алматы қаласы

Пікірлер