Қазақстаннан мал шығаруға тиым салынды

5238
Adyrna.kz Telegram

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстан шетелге 156 мың бас ірі қара мал сатқан. Бұл - тірілей экспорттаған мал саны.

Шетелге сатылған малдың  басым көпшілігі 121,6 мың басы немесе 78%-ы Өзбекстанға,  14% -ы Арменияға жіберілген.

Сондай-ақ елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық екен. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігін, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстан мемлекетіне, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзірбайжанға, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иран еліне тасымалданған.

Осылайша тірі малдың жаппай экспорты ет бағасының өсуіне негіз болған. Сонымен қатар ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жұмысын төмендеткен. Яғни, олар шикізат тапшылығын өткерген.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, министрлік алдында қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр.  Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтінішін ескеріп, ауыл шаруашылығы мен қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізілді. Аталған бұйрық тек төлдейтін малдың ғана экспортын уақытша шектейтін. Жаңа өзгерістер барлық тірі ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малды басқа елдерге шығаруға (экспорттауға) толығымен тыйым салады.

Аталған өзгерістер алдағы жылдары мал басын сақтап, оны  ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын тиімді бағадағы сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер