Шетел студенттеріне тыйым. Гарвардта да оқып жүр талай қазақ баласы

1118
Adyrna.kz Telegram
Фото: Bloomberg News
Фото: Bloomberg News

Гарвард университетінде Қазақстанның 7 азаматы оқып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, 7 адам да «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен.

«Басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет бізде жоқ», — делінген министрлік таратқан хабарламада

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға және оқытуға тыйым салғанын хабарладық

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Гарвард университетінің студенттермен алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған сертификатының күшін жою туралы бұйрық берген еді. Америкада оқуды жоспарлаған шетелдіктер F немесе M санатындағы виза алуы тиіс. Мұндай визаларды тек шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламалары қатысушыларын қабылдауға сертификатталған оқу орындары (SEVP) ғана рәсімдей алады.

Бұл енді Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдай алмайды дегенді білдіреді. Қазіргі уақытта Гарвардта оқып жүрген шетелдік студенттер басқа университетке ауысуға мәжбүр болады, әйтпесе елде қалу құқығынан айырылады.

«Әкімшілік Гарвардты зорлық-зомбылықты өршітуге, антисемитизмге және Қытайдың Коммунистік партиясымен байланыс орнатуға жауапты деп санайды», — деді Кристи Ноэм.

Ол сондай-ақ университеттер үшін «шетелдік студенттерді қабылдау — құқық емес, артықшылық» және «олар оқу ақысының жоғары болуынан пайда көріп отыр» деп атап өтті.

Бұл өзгеріс Қазақстанның жеті азаматына қалай әсер ететіні белгісіз. Олар басқа оқу орнына ауысуы да мүмкін. СІМ әзірге ешнәрсе айтпады.

2024-2025 жылы Гарвард университеті 6800 шетел студентін қабылдаған. Бұл осындағы жалпы студенттердің 27,2 пайызын құрайды.

Пікірлер