«Бір туған елміз...» Кенесары қырғыздарды соғысқа айдап салды ма?

1495
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қазақтың Кенесары ханының өлімі туралы жазғаны екі ел қоғамын тағы да осы тақырыпқа назар аудартты. Ал Қазақстанда бұған дейін бұл тақырып тарихшылар мен әуесқойлар арасында айтылғаны болмаса, қоғам назарына шалдыға бермейтін. Президент неге осы мәселеге назар аудара қалды? Қырғыз тарихшысынан сұрадық. 

Қырғыз президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желідегі парақшасында мамырдың 14-інде Кенесары ханға байланысты пост жазған болатын. Елінің өз ішкі мәселесін ысырып тастап, президенттің Хан Кенеге байланысты қырғыз, қазақ және орыс тілінде арнайы жазба жариялап, бұл мәселеге араласуына қандай қажеттілік болды? Садыр Жапаровтың жазбасы екі елдің жақындастыра ма, жоқ әлде керісінше араздастыра ма? 

Қырғыз Республикасының Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Эмилбек Қаптағаев Садыр Жапаровтың жазбасы орынды екенін айтады. Шағын сұхбатта ол сөзінің дәлелі ретінде мынандай жайларға тоқталды. 

«ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ ЖАЗУ КЕРЕК»

– Садыр Жапаров президент басымен ресми парақшасында осындай пост жариялап отыр. Мемлекет басшысының дәл осы нәзік тақырыпқа байланысты пікір білдіруі қаншалықты орынды болды? 

– Қазір интернетте «Тарихи кітап шығардық» деген адамдар көбейіп кетті ғой. «Тарихи шындық» деп тарихтың бәрін фальсификациялап жатыр. Пост соған байланысты жазылған.

– Фальсификациялап жатқан Қазақстанның тарихшылары ма, жоқ әлде Қырғызстанның ма?

– Қазақстанның тарихшылары жазып жатыр.

– Қазақтардың өз ханы туралы жазуы қалыпты нәрсе емес пе? Не жазып, не жазбауды ешкімнен сұрамайды...

– Тарихи шындықты жазу керек. Қырғыздарға Кенесары хан не үшін келген? Өзінің қазақтарының арасында жүре берсе болмас па еді?

– Бұл – тарих. Ал бүгінгі президенттің өте нәзік мәселеге араласуының не қажеті болды? Ол кісі тарихшылардың ауласына түсіп кеткен жоқ па, осы? Кенесары ханға байланысты қазақтардың өз көзқарасы бар, қырғыздар басқа ұстанымда дегендей. Президенттің осы мәселені көтеруі бірлікке шақыра ма, жоқ әлде арамызды одан сайын аша түсе ме, қалай ойлайсыз?

– Президент бұл мәселеге байланысты өз позициясын айтты. Менің ойымша, президент өте дұрыс пікір білдірді. Осы мәселені көтеріп екі елдің ортасына от жағу дұрыс емес. Қазақтың тарихшысы Айткүл Мақаева тарихты дұрыс жазып жатыр. Соның кітабын оқыған дұрыс.

– Керісінше, президент араласқаннан кейін бұл мәселе ушығып кететін болды деген пікірлер де айтылып қалып жатыр ғой.

– Тарихшылар «Кенесары хан мен Наурызбай өз шаруасымен қазақ даласында жүре берсе, өлмейтін еді» деп жазу керек. Болды. Тарихи шындықтан ауытқымауымыз керек. Себебі сол кездегі Кенесарының қырғыздарға хаттары бар және ауылдарға келіп, жас бала, әйелдерді қырғаны туралы тарихи фактілер бар. Оны ешкім жоққа шығарма алмайды. Қырғызға келіп, мұндағы елді қырғаны тарихи факті ғой. Мұны қазір ешкім проблема ретінде көтерген жоқ. Оған дейін қырғыздар Абылай ханмен соғысты. Абылай ханның шапқыншылығы кезінде көп адам өлді.  Тарихта болды, өтті. Егер тарихты бұрмалаған факті болса айту керек. 

– Қазақ тарихшылары «Кенесары хан қазақ пен қырғызды біріктіріп, орыс отаршылдығына қарсы күрескісі келді» деп жазады ғой...

– Жоқ. Ол «Мен – ханмын, сендер маған бағынуларың керек» деген ұстанымда болды. Яғни, ол қырғыздарды бағындырып, соғысқа айдап салғысы келді. «Сен маған бағын» дегенге Ормон хан «Әркім өз өзімен болсын» деп көнбеді. «Жоқ» деп келіп Кенесары шабуыл жасады. 

Қазір бізге екі елдің арасында ынтымақты сақтау керек. Бір туған елміз. 

СОНДА САДЫР НЕ ДЕДІ?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жазуына қарағанда Қазақстанда Кенесары ханның өліміне байланысты біржақты пікір көп айтылады. «Күні кеше ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған осы видео пайда болды. Тарихи тағдырымыз сондай: қазақ пен қырғыз ежелден бір туған, бір мақсаттағы халықтармыз. Көп ғасырлық тарихи жақындықты ата-бабаларымыз «Қазақ, қырғыз – бір туған» деген екен, бірақ терең мағынасы бар бұл сөзде! - дей келе. - Марқұм әкем Нұрғожа шежіреші әрі тарихшы болатын, одан көп нәрсе естіп, үйрендім. Бұл тақырыптағы көптеген фактілер Белек Солтоноев, Бегімалы Жамгерчинов сиякты қырғыз тарихшыларының еңбектерінде көрсетілген. Әсіресе, Белек Солтоноев сол оқиғалардың тікелей қатысушыларынан көптеген деректер жазып алып, Кенесары хан, Наурызбай батыр бастаған қазақ сұлтандары мен батырларымен кездескен куәгерлердің айтқандарын, Ормон хан, Жантай манап, Жанғарач манап, Төрөгелді батыр сиякты қырғыз манаптары мен батырларын көргендердің естеліктерін жинақтаған. Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы шыққаны дау туғызбайды. Ол – нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды. Қанды оқиғалардың алдында Кенесары хан мен Ормон ханның арасындағы келіссөздердің мазмұны, Шу өңіріндегі бірнеше мәрте қазақ-қырғыз шайқастары, Ормон ханның әскери айлакерлік танытып («Ормон опуза») Кенесары бастаған қосынды жеңгені – соған дәлел», – деп жазады президент Жапаров. 

Садыр Жапаров тарихтағы даулы кезеңдерді, оның ішінде хан Кененің Қырғыз жеріне жасаған жорығын қозғап, бұл тақырыптың үнемі араздық тудыру үшін пайдаланылатынын айтты. Сонымен қатар, Кенесары ханның басы Ресейге қалай жеткізілгені туралы тарихи деректер келтіріп, осы тақырыпта арандатушылардың бар екенін меңзеп өтті. "Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр" - деп жазды ол. Садыр Жапаров  жастарды соларға ермеуге шақырды.

Серік Жолдасбай

«Адырна»

Пікірлер