Ресейлік СИБУР холдингі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-нан «Polimer Production» ЖШС-нің 60% акциясын сатып алды. Бұл туралы ҚР Мұнай-газ химиясы қауымдастығы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
СИБУР - Ресейдегі ірі интеграцияланған мұнай-газ химиясы компанияларының бірі.
Мәліметке сәйкес, «Polimer Production» ЖШС 2012 жылы Атырау облысында полимер өнімдерін өндіру жобасын іске асыру мақсатында құрылған. Зауыт 2015 жылы пайдалануға берілген.
2022 жылғы 31 желтоқсандағы есепке сәйкес, Polimer Production ЖШС-нің шоғырланған шығыны 27,59 млрд теңгені құрап, капиталының тапшылығы 6,02 млрд теңге болған. Міндеттемелері – 12,1 млрд теңге, оның ішінде 11,05 млрд теңге «Самұрық-Қазына Өңдеу» ұйымынан алынған қарыздар. Бұдан бөлек, компания 2022 жылы 1,19 млрд теңге, ал 2021 жылы 793 млн теңге көлемінде қаржылай көмек алған. Сондай-ақ, 2022 жылы жарғылық капиталына 3,3 млрд теңге құйылған.
2023 жылдың желтоқсанында Polimer Production компаниясының жарғылық капиталының 100%-ы бұрынғы иелерінен – «Самұрық-Қазына Өңдеу» ЖШС (99,9%) және «Тараз химиялық паркі» АЭА басқарушы компаниясынан (0,1%) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға өтті. Бұл мәміле ұлттық компанияның мұнай-газ химия активтерін шоғырландыру жұмыстарының жалғасы ретінде сипатталған.
Polimer Production-ның негізгі қызметі – «KPI» ЖШС-нің интеграцияланған газ-химия кешенінде өндірілетін полипропиленнен полимер өнімдерін шығару. KPI компаниясын «ҚазМұнайГаз» басқарады, сол себепті Polimer Production компаниясының ұлттық компания пайдасына берілуі Атырау облысындағы бірыңғай газ-химия кешені аясында жобалардың синергиясын қамтамасыз етеді делінген ақпаратта.
2023 жылдың желтоқсанында қатысушының өзгеруіне байланысты Polimer Production мемлекеттік қайта тіркеуден өтті.