Атырау облысында Талдыкөл ауылының тұрғындары жол мәселесіне байланысты наразылық білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақ Жайыққа сілтеп.
Атырау облысына қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындары ауылға кіреберіс жолдың күрделі жөндеусіз қалуына байланысты наразылыққа шықты. Ауыл халқы жол мәселесі шешілмей келе жатқанына 10 жылдан асқанын айтып, уәде берген жергілікті биліктің әрекетсіздігіне наразы.
Талдыкөлде 1230 адам тұрады, олардың көпшілігі Атырау қаласында жұмыс істейді. Алайда ауылға кіретін 6,2 шақырымдық жолдың нашар жағдайы, әсіресе, жаңбырлы маусым мен көктемгі қар еру кезінде тұрғындардың қатынауына үлкен қиындық тудырады.
“Он жылдан бері тек жиналыс өткізіп, уәде береді де, кейін ұмытып кетеді. Егер өз міндеттерін атқара алмаса, неге орындарын босатпайды?” – дейді тұрғындардың бірі.
2023 жылы жолды жөндеуге бюджеттен 1 млрд 984 млн теңге бөлінген. Тамыз айында аудан әкімдігі мердігер “АВС Лимитед” ЖШС-мен келісімшарт жасап, құрылыс жұмыстары басталған. Жоспар бойынша, жолдың күрделі жөндеуі 2024 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда қазіргі таңда тек 500 метрі ғана салынған, ал мердігерге жұмыс үшін қаражат толық төленген.
Аудан әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамада қателіктер кеткенін мойындады. Сонымен қатар, 2024 жылғы су тасқыны салдарынан жолдың негізгі қабаты зақымданғанын алға тартып отыр.
“Су тасқынынан кейін жолдың негізі бүлінді, сол себепті құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама қайта дайындалып, облыстық бюджет комиссиясының қарауына жіберілді. Шешімін күтіп отырмыз”, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов.