Бас прокуратура Арғын Нығматулинге қатысты қозғалған қылмыстық істің қай бап бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Құзырлы органның ресми жауабына сәйкес, Арғын Нығматулин мен өзге де тұлғаларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу") бойынша айып тағылып отыр.
"Сот шешімімен Нығматулин А.З.-ға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды және ол іздеуге жарияланды", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Тергеу құпиялығына байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, сеніп тапсырылған мүлікті иемденгені немесе талан-таражға салғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынуы мүмкін.
Бұған дейін Антикоррупциялық қызмет экс-Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы – Арғын Нығматулинді іздестіріп жатқанын хабарлаған болатын.