Ақтөбе облысында Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинатының шахтасында төтенше жағдай орын алды. 28 ақпанда шахтаның өндіру блогында бұрғылау жұмыстары кезінде сутегі бөлінуіне байланысты төрт кенші зардап шекті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған төрт қызметкер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген.
"Зардап шеккендердің екеуі травматология бөліміне жатқызылды, біреуі амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді, ал бір кенші ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", – деп мәлімдеді басқарма өкілі.
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған оқиғаға қатысты соталды тергеу басталды.
"Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша соталды тергеу жүргізілуде", – деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, 2025 жылдың 17 ақпанында Ұлытау облысындағы "Жомарт" кенішінде шахта опырылып, жеті кенші үйінді астында қалған еді. 18 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі олардың мүрделері табылған.