Арман Қырықбаев Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 24 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды»,—делінген хабарламада.
Бұған дейін Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылған еді.
Арман Қырықбаев 1976 жылы 20 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық Академиясының түлегі болып табылады. Мамандығы бойынша халықаралық экономист. Мемлекеттік қызметте, мәдениет және жастар саясаты саласында 28 жылдан астам жалпы еңбек өтілі бар. Ол екі рет Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
«Адырна» ұлттық порталы Арман Оразбайұлын жаңа қызметімен құттықтап, толағай табыс тілейді.