Павлодарлық полиция қызметкерлері 52 жастағы кәсіпкер Асулан Нұрмағамбетовті іздестіріп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол 21 ақпанда сағат 14:40 шамасында ақ түсті Toyota Camry-50 (мемлекеттік нөмірі 039 OFA 14) көлігімен үйінен жұмысқа шығып, сол күйі оралмаған.
Ер адамның жоғалғаны туралы полицияға оның туыстары хабар берген. Белгілі болғандай, ол жергілікті фирмалардың бірін басқарады.
Асулан Нұрмағамбетовтің бойы 170-175 см, орта дене бітімді, көзілдірік тағады. Жоғалған кезде қою көк түсті пуховик, сұр бас киім, қара джинсы және қоңыр түсті жартылай спорттық аяқ киім киген.
Полиция азаматтардың көмегіне жүгініп, жоғалған кәсіпкер туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан 102, 8 (7182) 37 76 10, 37 76 11 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды. Анонимдікке кепілдік беріледі.