Қазақ тілін орыстандыру тарихы. Қайым Мұхамедхановтың баяндамасы жарияланды
Қазақ тілін орыстандыру тарихы. Қайым Мұхамедхановтың баяндамасы жарияланды
20.02.2025
1184
Фото: Дина Мұхамедхан
1990 жылы 18 қаңтарда Семей қаласында өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов қазақ тілін орыстандыру тарихы туралы баяндама жасаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Дина Мұхаммедхан Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Оның жазбасына сәйкес Қайым Мұхамедхановтың баяндамасында патша үкіметінің 1862 жылдан бастап қазақ халқын біртіндеп шоқындыру және орыстандыру саясатын жүргізгені айтылған. Бұл саясаттың бір бөлігі ретінде қазақ тілін орыс графикасына көшіру мәселесі көтерілді.
Ғалым патша үкіметінің миссионерлері, әсіресе Николай Ильминскийдің қазақтар арасында орыстандыру саясатын белсенді жүргізгенін айтты. Ол қазақ балаларының орысша білім алуын ұйымдастырып, араб әліпбиінен бас тартуға шақырды. Бұл әрекеттерді қазақ даласында жүзеге асыруға Ыбырай Алтынсарин тартылғанын тарихи деректер негізінде баяндаған.
1Патша үкіметі 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясатын жүзеге асыра бастады.
1865 жылы 5 июльде Алексанр II патша қол қойған документте қазақты билеп-төстеудің жаңа ережесін 1867 жылдан іске асыру мәселесі, екінші қазақ халқын келешекте православие дініне кіргізіп, орыстадыру саясатын іске асыруға бағыттады.
Ильминский Николай Иванович
(1822- 1891)
1846 ж. Қазан духовная академиясын бітірген.
1858 жылдан 3 жылдай Орынбор шекара Комиссиясында қызмет істеп, миссионерлікке кіріседі.
Орыс алфавиты.
Ахмет Байтұрсынов:
«Қазақ діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мүсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша үкіметі қазақпен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келді. Оның үшін қазақ балалары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әріпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әріпімен басады...»
Патша үкіметінің осы саясатын қазақ даласында іске асыруға белсене кіріскен адам – миссионер Ильминский болды.
1861 жылы Ильминский профессор атағы беріліп, Орал, Сібір, Еділ бойындағы және қазақ даласындағы отар халықтарды шоқындыру мәселесі тапсырылды.
Ильминский ең алдымен татарларға арналған орыс графикасы негізіндегі жазудың жаңа үлгісін жасап, 1862-1867 жылдар арасында, татар тілінде, миссионерлік талабына сай 7 кітап жазып, оның бәрін де орыс алфавитімен бастырып шығарды.
1872 жылы ол Қазан университетіндегі қызметін тастап, біржолата миссионерлік жолындағы қызметке ауысты. Қазанда миссионерлердің орталығына айналған Духовная семинарияның директоры болды.
Татар ғалымы профессор Әбрар Каримуллин былай дейді: «... Таким образом, подготовка кадров миссионеров перешла в руки самого Ильминского. Здесь готовят кадров – миссионеров для всех районов России (стр.250)
Ильминскийдің қазақтарды шоқындырып, орыстандыру әрекетідегі миссионерлік саясаты: «... Орыстандырудың ең басты радикалды құралы – қазақ тіліне орыс алфавитын еңгізу. Қазақтар орыс алфавитымен жазып отырғанда, ол қазақтарды өзінің шырмауынан шығармай, өзіне тарта береді», – дей келіп, және бір пікір айтады:
«Бұл ойды орыс чиновниктері жүзеге асыруы тіпті кеміспейді деді. Яғни қазақтың өз адамы іске асыру керек. Оны іске асыратын кім болды? Ы. Алтынсарин.
1869 жылы Оқу Ағарту министріне жазған хатында Ильминский былай дейді:
«... Алтынсарин қазақтардың ортасында мектеп ашса, орыс алфавитын сонда қолданса, оны орыс елінің адамдары істетіп отыр дегізбей, өзі ашқан болса... ...Оны орыс басшылықтарының инициативасы деп халық ойламайтын тұрде жүргізсе... Ең әуелі жаңа идея Алтынсаридікі болады», ¬¬– дейді. (Қазан архиві. Ф. 968, 0-1, д-16, 1-2 стр.)
Жасырын қат. Архивта",- делінген жазбада.
Сонымен қатар, Мұхамедханов Кеңес заманындағы латын және кириллицаға көшу үдерістерінің қазақ мәдениеті мен тілінің дамуына тигізген әсерін де талдады. Ол бұл өзгерістердің қазақ халқының тарихи жадын әлсіретіп, ұлттық бірегейлікті сақтауға кері ықпал еткенін атап өтті.