Қырғызстандық белгілі әнші Қайрат Примбердиев өзіне қатысты қоғамда туындаған дау-дамайға түсініктеме берді. Бұл туралы Instagram парақшасына видео жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Әнші «Airan» YouTube-арнасына берген сұхбатында Кенесары ханның басын алу оқиғасын қозғап, осы жағдай үшін қазақ халқынан өз атынан кешірім сұраған болатын.
«Ормон хан Кенесары ханның басын алуға мәжбүр болды. Мен өз атымнан қазақ халқынан осы оқиға үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл оқиға мен үшін де ауыр, тіпті көзіме жас келеді. Біз Кенесары ханның басын өз еліне жеткізіп, Құран оқып, осы оқиғаға қатысты ренішті жоюымыз керек», – деді әнші сұхбат барысында.
Сұхбаттан кейін Примбердиевтің айтуы бойынша, оның айтқан сөздеріне қатысты әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер мен қарсылықтар пайда болған. Бірқатар қолданушылар әншінің бұл тақырыпты көтергенін орынсыз деп есептеді. Осыдан кейін Қайрат өзінің Instagram парақшасында видео арқылы жағдайды түсіндіруге мәжбүр болды.
«Мен сұхбат бергенде, мен бүкіл қырғыз халқынан емес, тек өз атымнан кешірім сұрадым, бұл өз сөзім. Менің сұхбатым бір сағаттан астам уақытқа созылды, бірақ мүмкін форматқа байланысты шығар, дегенмен тек менің кешірім сұраған сөзім, қысқа үзіндісі ғана жарияланды. Егер сұхбатты толық тыңдасаңыз, менің сөздерімнің мәні, оның шынайылығы мен адал ниетім түсінікті болар еді», — деді әнші видео хабарламасында.