Елімізде электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін

291
Adyrna.kz Telegram
Фото: ult.kz
Фото: ult.kz

Қазақстанда 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы бұйрық жобасын әзірледі. Бұл құжатқа сәйкес, 36 энергия өндіруші ұйым өз шығындарының өсуіне байланысты тарифтерді түзетуге өтінім берген. Сонымен қатар, үш жаңа компания энергия өндіруші ұйымдар тізіміне кіру үшін тарифтерді белгілеу ұсынысын білдірген.

Алдын ала есептеулер бойынша, электр энергиясының құны кВт/сағатына шамамен 2 теңгеге өсуі мүмкін. Бұл өзгеріс бірыңғай сатып алушы үшін есептелген. Қазіргі уақытта энергия өндіруші ұйымдардың өтінімдері қаралу сатысында тұр. Барлық ұсыныстар тұтынушылардың мүдделері мен саланың тұрақты даму қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін мұқият талданады.

Министрліктің сөзінше, тарифтердің көтерілуіне бірнеше фактор әсер етуде. 2024 жылы орташа жалақы 18%-ға өсіп, 425 мың теңгеге жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіштің 15-20%-ға артып, 490 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жалақыны көтеру білікті кадрларды тартуға және сақтауға бағытталған.

2024 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша, энергетика саласында 52,5 мың қызметкер жұмыс істесе, штаттық деңгейі 57 мыңды құрайды, демек 4,5 мың маманның жетіспеушілігі бар. Көмірдің, газдың және оларды тасымалдаудың, металл және жөндеу жабдықтарының қымбаттауы шығындардың негізгі факторларының бірі болып отыр.

Энергетика министрінің бұйрық жобасы 22 қаңтарға дейін талқылау үшін “Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына” жарияланды. Құжатта энергия өндіруші ұйымдардың көпшілік топтары үшін шекті тарифтерді көтеру көзделген. Бұл өзгерістер тұтынушылардың мүдделері мен энергетика саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қарастырылуда.

Егер ұсынылған өзгерістер мақұлданса, 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда электр энергиясының тарифтері көтерілуі мүмкін.

Пікірлер