ОҢҒАР ҚАБДЕН: Қан деген марганцовка емес қой!

294
Adyrna.kz Telegram
Сурет: delfi.lt
Сурет: delfi.lt

Павлодар. Орталық монша. Пардан шығып, барда отыр едік. Қасыма екі жігіт келді.

-Ассалаумағалейкум аға!

-Уағалейкумассалам! Молда бол.

-Аға, сізді жаңа жігіттер военкор деді. Айтатын әңгімем бар еді.

- Мен журналистпын. Военный корреспондент емеспін. Бірақ, әңгімелеріңді тыңдауға ықыластымын.

Ресейдің Алтай өлкесінің қазақтары екен. Мына соғыс аз ұлттарға зобалаң болды дейді. Сегіз-ақ үйі бар көрші ауылда 14 мола жаңадан қазылыпты.

"Менің туған бауырымның қырқы әлі өткен жоқ. Груз-200 болып келді. Біздің ауыл үшін бірінші келген Груз-200 болды. Осы күнге дейін ауылдағылар Ресей мықты ма, Украина мықты ма деп дауласатын. Соғысты талқылайтын. Менің бауырымның мәйіті келгелі бүкіл ауыл аузын ашпайтын болды. Үндемейді. Той-томалақ, ас-қатымда ол жайлы сөз қозғамайды. Айналып өтеді. Маңайда қара қағаз алғандар көбейді. Бір жағынан жұмыссыздық та қысып барады. Ақша табамыз деп келісім-шартқа қол қойып, Украинаға кетіп жатыр. Соғыс басталған бетте мобилизация болатынын білгендер бұта қорғалаған торғайдай Қазақстанға өтіп алды. Әке-шешем ерте кезде көшейік дегенде туған жер деп кетпеп едік. Енді жалғыз бауырымның моласын далаға қалдырып қалай көшемін" деген жігіттің көзіне жас іркілді.

Қазір ауылының жастарын Павлодарға әкеп, жұмысқа орналастырып жүрген жігітке бір жағынан риза болдым.

"Бізді жергілікті қазақтар жақтыра қоймайды. Путинді қолдайсыңдар деп. Бәрібір қазақпыз ғой. Қан бар. Ұрысса да, ұрса да Ресейдегідей өлімге айдап жатқан жоқ қой" дегенде менің жылағым келді. Қан деген марганцовка емес қой!

Оңғар Қабден

 

 

 

 

Пікірлер