Ауылдардағы денсаулық сақтау мәселесі Мәжіліс депутаттарының бақылауында

427
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нурумова Байзақ ауданы Қызыл Жұлдыз ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

60 емделушіге арналған медициналық мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог жұмыс істейді. Аталған амбулатория ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

Гүлдара Нұрымова ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылды жерлерге көшіп келген мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленетінін атап өтті. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған.

– Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеуметтік кепілдіктер енгізіліп, құқықтық қорғау күшейтілді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады және басқа да өзгерістер бар. Медициналық жоғары оқу орындарының жас түлектері олардың көмегі адамдарға шынымен де қажет екенін және мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары дәл осыған бағытталғанын анық түсінуге тиіс, – деді депутат.  

Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 20 медициналық нысан пайдалануға беріліп, екі емханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 18 бірлік медициналық диагностикалық техника (томографтар, УДЗ аппараттары және т.б.), 38 санитарлық көлік сатып алынды. Бұл қадамдар ерте диагностиканы жақсартуға, жедел жәрдем жұмысының сапасын және ауылды жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл өңірде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Байзақ, Қордай және Сарысу аудандарындағы аудандық ауруханаларды қоса алғанда, 7 медициналық нысанның құрылыс жұмысы басталады. Сондай-ақ Таразда туберкулезбен және өкпенің өзге де ауруларымен ауыратын балаларға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық жәрдем станциясын және мамандандырылған санаторий ашу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.

 

 

Пікірлер