Президенттің іс басқармасы Астанада "жер астында шенеуніктер үшін арнайы қазылған тоннель бар" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтары Астананың астында жер асты қаласы бар деген видеоны талқылауда. Бейне авторының айтуынша, жылы тоннельдер арқылы шенеуніктер Үкімет ғимараттары арасында еркін қозғала алады. Бұл құпия желі Президент сарайын, Парламентті, Министрліктер үйін және басқа да әкімшілік ғимараттарды байланыстыратыны айтылуда.
Алайда Президент іс басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты теріске шығарды.
«Бұл видео шындыққа жанаспайды. Үкімет ғимараттарын байланыстыратын жылы тоннельдері бар жер асты қаласы жоқ. Өкінішке қарай, адамдарды адастыратын тағы бір жалған ақпарат таралуда», – деп мәлімдеді ведомство.