Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы шағым. Үкіметті сотқа берген заңгер жеңіліп қалды

142
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысының заңгері Серікжан Ахметжанов уақытты өзгерту мәселесі бойынша Қазақстан Үкіметіне қарсы сотта жеңіліп қалды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы КазТАГ-қа сілтеме жасап. 

«Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты азамат Ахметжановтың ҚР Үкіметіне қарсы №1749 қаулысын (23 қараша 2000 ж.) және оған енгізілген өзгерістер туралы №20 қаулысын (19 қаңтар 2024 ж.) заңсыз деп тану және оларды күшін жою туралы талап арызы бойынша істі қарады», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Заңгер даулы қаулының 3 және 3-1 тармақтарын даулаған:

3. ҚР аумағында бесінші уақыт белдеуін қолдану;

3-1. 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызына қараған түні (00:00-де) Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен бірқатар облыстарда уақытты бір сағатқа артқа шегеру туралы шешім қабылданған.

Талапкер бұл шешімді астрономиялық уақытқа сәйкес келмейді және уақытты ауыстыру бойынша үкіметтің құзыретінің шегінен шығуы ретінде бағалады.

Сот заңгердің талаптарын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады. Қорытындыда үкіметтің бұл қаулыларды Қазақстан Конституциясының 69-бабына сәйкес қабылдағаны, сондай-ақ талапкердің үш жылдық талап қою мерзімін өткізіп алғаны аталып өтті.

Еске салайық, бұған дейін Серікжан Ахметжанов үкіметтің қаулысына қарсы шағым түсіріп, Шығыс Қазақстан облысының бірде-бір өкілінің бұл мәселе бойынша жұмыс тобына кірмегенін мәлімдегенін жазған едік. Оның айтуынша, уақыт белдеуінің өзгерісі тікелей әсер еткен аймақтардың пікірі мүлде ескерілмеген.

Пікірлер