Президент уәдесі. Париждегі өртенген Әулие Ана шіркеуі қайта ашылады

903
Adyrna.kz Telegram
Фото: ridero.ru
Фото: ridero.ru

Париждегі Әулие Ана шіркеуіне күрделі қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 7 желтоқсан күні есігін қайта ашады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алайда кейбір сарапшылар бұл мерзімнің тым қысқа болғанын айтып алаңдаушылық білдіруде.

15 сәуір 2019 жылы орын алған өрт кезінде Әулие Ана шіркеуінің шатыры мен күмбезі қатты зақымданды. Мыңдаған париждіктер мен туристтер собордың жалынға оранғанын үреймен бақылаған болатын. Президент Эммануэль Макрон шіркеуді бес жыл ішінде қайта қалпына келтіруге уәде берген еді.

Соборды қалпына келтіру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 800 миллион еуро көлемінде қаржы жиналды. Оның 700 миллион еуросы құрылысқа жұмсалған. Жаңғыртуға 250-ге жуық компания мен шеберхана атсалысқан.

Германия Әулие Ана шіркеуін қалпына келтіруге ерекше үлес қосты. DW мәліметінше, Кельн шіркеудегі 1965 жылы француз суретшісі Жак Ле Шевалье жасаған төрт витражды қалпына келтірді. Сондай-ақ, бавариялық шеберлер қоңыраулардың тілін дайындауға атсалысқан.

Алайда кейбір сарапшылар қайта қалпына келтіру жұмыстарының асығыс жасалғанына алаңдаулы. Архитектор Барбара Шок-Вернердің айтуынша, құрылыс материалдарының, әсіресе ағаштардың толық кебуге үлгермеуі болашақта қиындық туғызуы мүмкін.

7 желтоқсан күні Әулие Ана шіркеуінің қайта ашылу салтанатына 3000-ға жуық арнайы қонақ қатысады. Оның ішінде әлемнің 50 елінің басшылары бар. Франция президенті Эммануэль Макрон салтанатты жиында сөз сөйлейді. Ал 8 желтоқсан күні соборда алғашқы мессаны Париж архиепископы өткізеді.

Өртеніп, қайта қалыпқа келтірілген Әулие Ана шіркеуін көру үшін онлайн тіркелу қажет, бірақ кіру тегін болады. Бұл шешім Католик шіркеуінің талабы бойынша қабылданғаны айтылды.

Шіркеудің ашылуы кезінде Парижде қауіпсіздік күшейтіліп, 6000-ға жуық тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Ашылу салтанатына 40 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.

Пікірлер