Моңғолияның Ғылым Академиясының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым, саяси-әлеуметтанушы Құрметхан Мұқамәдиұлы дүниеден озды. Бұл туралы ақын Сұраған Рахметұлы Facebook желісінде жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Марқұмның нағыз ғылым жолындағы қажымас, қайратты, құнды мұрағатты ұқыптылығы мен жанкешті ғалымдығы кейінгі жас тарихшыларға үлгі болып қаларына сенім зор.
Атақты ғалым Құрметхан Мұқамәдиұлының отбасы, бала-шағасы, ағайын-туыс жекжат жора-жолдастары, жамағатқа қайғыра көңіл айтамыз”, делінген хабарламада.
Құрметхан Мұқамәдиұлы 1953 жылы Баян-Өлгий аймағының Дэлүүн сұмыны жерінде дүниеге келген. 1971 жылы Өлгий қаласында орта мектепті, 1976 жылы Моңғолия Ұлттық университетті бітірген. Ауғанстанның Кабул қаласында, Мәскеудегі Қиыр Шығыс зерттеу орталығында ғылым жолындағы білімін шыңдады. Жастайынан ғылыми ізденістерін жалғастырумен Моңғолия Ғылым Акадеиясы Шығыстану институтында және Халықаралық ғылыми зерттеулер институттарында кіші ғылыми қызметкерліктен еңбек жолын бастады.
Құрметхан Мұқамәдиұлы 1976-1983 жылдарда төселген аға ғылыми қызметкер болғанға дейін түрлі тарихи ізденістерде болды. Марқұм АҚШ тану орталығын құрумен қатар Қытайдағы азшылық ұйғыр, қазақ аз ұлттар тағдырыннан жүйелі талдаулар жасап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесінен диссертация қорғады және соңынан «Моңғолиядағы қазақ этностарының қалыптасуы мен дамуы» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын (1999) да қорғады.
Аса ұқыпты да талантты ғалым Германияның Бонн, Берлин университеттерінде жене Ұлыбританияның Кембридж университетінде шеттегі қазақ этностарының тағдырынан дәрістер оқыды. Ол, Иранда, Мысырда халықаралық ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты. Жекелеген және білікті түрде іріктелген 10, әр тілдердегі біріккен 21 монографиялдардың авторы.
Құрметхан Мұқамәдиұлының ғылыми танымдық мақалалары Еуразияның бірқанша елдерінде қытай, орыс, хинди, дари, неміс, ағылшын, француз тілдерінде жарық көрді.