МАҚСАТ ТӘЖ-МҰРАТ: Ендігі мәселе жалғыз Тбилисимен бітпейді

160
Adyrna.kz Telegram
Фото: gazeta.ru
Фото: gazeta.ru

Алыста бұлдырап қалған 2008 жылдың көктемі еді ғой. Тбилисидегі Қазақ мәдениеті мен өнерінің фестиваліне қатыспақ болып гүржі еліне келдік.

Алдымен жасы үлкен Эдуард Шеварднадзеге кіріп шықтық. Тбилиси ойдым-ойдым төбелердің арасында жатқан қала ғой, ақсақал Крцанаси дейтін сондай бір дөңес жерге салынған қос коттеджде тұрады екен. Американ әскери күзеті, әбден қақтап тексеріп алып өткізді. Эдуард Амвросиевич үстелін кітап-қағазбен қоршап тастап, жазу жазып отыр. Мемуар. Интервью алдық.

Айтқандай, біз келгенде қақпаның алдында бір қора кемпір-шал тұр екен. Жұдырықтарын білемдей сермеп, өз тілдерінде бірдеме деп айқайлайды. Шеварднадзе ел басқарған жылдары зейнеткерлерге қырын қараған болуы керек, мыналар соның қиуасын қайтарып тұрған сияқты. Ең қызығы, кешкі 18-ден кейін сыртқа шыққанымызда әлгі зейнеткерлер кетіп қалыпты. Сірә, жұмыс уақыты аяқталған.

Шеварднадзе Гурияның тумасы. Мамыт (Мамати) деген жерде дүниеге келген. Гур, ғұр, құр -- түркі сөзі. Екі мағына береді: көшпелі, яғни жауынгер, сосынғысы "құр"-дан құру, құрылыс ұғымы шыққан, мысалы, Тбилисиді қақ жарып ағып жатқан Кура өзені. Кейін Қ.-Ж. Тоқаевтың "Под стягом Независимости" деген кітабын оқып отырсам, автор Қытайда дипломатиялық қызметте жүргенінде сонда келген Шеварднадзеден қоярда қоймай сойының төркінін біліп алғанын жазыпты. Сөйтсе "шевар"дегені шабар дейтін қырғи құс, ал дзе-сі кәдімгі біздің тізе, дізе екен. "Шабардың тізесінен" өрбіген тұқым. Таза түркі сөздері.

Ертеңіне Қазақстаннан келген топты мемлекет басшысы Михэил Саакашвили қабылдады. Ол кезде Авлабаридегі президент резиденциясы салынып бітпегендіктен қабылдау рәсімі ескі үлгідегі бір ғимаратта өтті. Кеңестен қалған лифтісі салдыр-гүлдір, үш кісі әрең сыяды. Қонақ қабылдайтын залының да жетісіп тұрғаны шамалы. Сол залда фестивальды ұйымдастырушы кәсіпкерлер -- Мұқтар Әбіләзов пен Ержан Тәтішевке Грузияның кәделі марапаттарының бірі тапсырылды. Ол жылдары ТұранБанк гүржі экономикасына (газбен жабдықтау жүйесі ) және Батуми портына қомақты инвестиция салып, аузымен құс тістеп тұрған.

Келесі күндері Тбилисидің (арғы төркіні Дыбылысы, яғни Жылысу) тәберік жерлерін араладық. Кураның жарғабағында тұрған Горгеладзе ескерткішін, әйгілі Нарынқаламызды (Нарекале қамалы) көріп, алпыс шақырым Цинандалиге, ондағы Чавчавадзе шартағына барып келдік. Кешіне Андрей Первозванный алаңындағы біз тоқтаған MariottiTbilizi хотелінен қаланың ең үлкен алаңы -- Майданға келдік. Осында бізге президенттің атынан қонақасы берді.

Майданды қоршап қаптаған ресторанның біреуіне дастарқан жайылыпты. Тамада Вахтанг Кикабидзе, екі жағында екі Мұқтар -- Әуезов пен Әбіләзев. Екі жақ қалыспай, Киндзмараулилерге түре тиістік. Бір мезгілде есік айқара ашылып, Саакашвили кіріп келді. Екі оққағар, басқа ешкім жоқ. Ақсия күліп, екі Мұқтардың ортасына барып жайғасты. Кейін танцполға шыққанда көрдік, бидің түбін түсіреді екен. Өзіміздің жігіт болып шықты, қысқасы.

Дөтен қызды. Соның екпінімен өзіміздің бір бүйір үстелді тастап, бас үстел жаққа шығып кетіппін.Нодар Думбадзені жастанып өскен дөдең бір мезгілде ортада мчоди (жүгері собалағы) қайда деп тұр екен.Мәзірде нанның бұл түрі қаралмаған болып шықты. Бірақ асқазанда тулаған біржарым бөтелке киндз-дің қызуы қоя ма, жанымнан поднос көтеріп өте берген даяшы жігітті тоқтатып алып, Думбадзеге, ол арқылы мчодиге деген ыстық махаббатымды әбден жеткізсем керек, бір мезгілде гарсон -- жиырмаларға енді іліккен арықша жас жігіт -- подносын қоя салды да, тап сол жерде мобил телефонын тере бастады. "Қазір, Мишикоға айтайын"деді.

--Кім ол, Мишико?-- дедім, ойымда дәнеңе жоқ.

-- А, ана жерде отыр ғой, біздің президент.

-- И, ойбай, қой, керегі жоқ ! -- Әлгі жерден зытып бердім. Біздің елбасыға " Мында Мақсат Тәж-Мұрат лепешкі жегісі кеп тұр" десе не болар еді ?!

Кейін, бертін келе білдім ғой. Дмитрий Гордонның "В гостях у Гордона" дейтін хабарын қарап отырғам. Кезекті қонақ -- Саакашвили әңгімесінің бір орайында Тбилисиге  Мәскеу арқылы жұмыс сапарымен келген Джордж Бушты қалай қарсы алғанын айтты.

Буш Мәскеуден тойып шығатынын, сондықтан грузин жағы кешкі тамаққа әуре болмауын сұраған. Саакашвили жақсы деген. Бірақ Буш Тбилиси әуежайында Михэилмен сұқбаттасып отырғанда сөзден сөз шығып, грузин көкинәсі әңгіме болып кетеді. Гүржі бұл жағынан әлемде алдыңғы лекте ғой, не керек сол жерде Буштың кішісінің тәбеті ашылып кетеді және аңсары Сакартвело дәміне ауады. Дастарқанда американ жағы ала келген аздаған тіскебасар, су-суан, оны да американ даяшылары өз қолдарымен ұсынып, құйып беріп жүр. Осы жерде Михэил Николозович " Даяшылар -- американ арнаулы қызметінің жігіттері" деп қалды.

Мен мына жақта отырып Ох-х ! дедім. Сөйтсем, өзім мчоди сұрап қылқылдап қоймаған жігітім ресторанның гарсоны емес, арнаулы қызмет екен ғой. Ал оның менің тілегімді басқа емес, президентке жеткізгісі келгені -- гурман Мишикода гүржінің жеңсік тағамдарының шебері болып саналатын аспаз таныстары көп екен және Бушқа жеті түнде грузин тамағын тауып берген де өзі екен.

Хош, сонымен қайтатын болып әуежайға келдік. Келсек, арамыздағы екі телевизионщик қыз жоқ. Алдында, резиденциядан шыққанымызда екі арғымақ интервью аламыз деп қалып қойып, біз микроавтобуста сағатжарым күтіп отырғанбыз.Ертесіне екеуі Батумиге ұшып кетті деп естігенбіз. Кіммен дейсіз ғой.Құлағыңызды бертаман әкеліңізші, сыбырлап айтайын -- Саакашвилимен және премьер-министр Гургенидземен ! Екеуі де бойшаң, өңді жігіттер.

Жарайды, жақсы, бірақ бұған біздің қатысымыз қанша?! Генацвале, не жалко ! Жата берсін сонда, қалағандарынша, ал бізді бөгемесін, біз ұшып кете берейік, хатун- балашағамыз күтіп отыр.

Ақыры, не керек, Тбилиси әуежайындағы 2008 жылғы қазақстандық " барқыт революциясының" дабысы тиісті құлақтарға жетіп, екі қызымыз түнгі он екіде жетті Батымнан.

Сүйткен Мишикомыз тағы бір бес жылдай отырып, үлкен шумен орнынан кетті. Одан Еуропа асты, Украина барды, шатылды, қамалды, әйтеуір бір байыз таппай жүріп, 2021 жылы күзге салым Грузияға қайтып оралды. Баяғы сал дәурен Батымда жатқан жерінде қамауға алынды. Былайша айтқанда, Навальный сияқты арыстанның аран аузына өзі келіп түсті. Көресінді халқымен бірге көргісі келді ме, туған жеріне жетіп жатқысы келді ме, мүмкін тіпті, айтылып жүргендей, украин саясаткерлерінің өздері ұшаққа салып жіберіп әрең құтылды ма, ол арасын білмедік.

Бүгінде аурухана төсегіне таңылған, тірі әруақ. "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы әлі де жұмыс істеп тұр, бірақ бұрынғы қарқын жоқ. Елдегі оппозициялық күштер тым қарекетті, тым беймаза оған біртүрлі бір сенбеушілікпен қарайтындай. Тіпті батысшыл президент Саломе Зурабишвилидің өзі оны ақтауға, түрмеден босатуға құлықты емес. Мүмкін қай-қайсысы да Саакашвилидің көпті соңына ертіп кететін харизмасынан, ел ішіндегі беделінен сескенетін шығар. Менің білетінім, Мишико әдетте саясаткерлер арасында кездесе бермейтін шыншыл, әділ тұлға. Оның осы қасиеттері, жемеңқорлықпен, екіжүзділікпен бітіспейтін, құйтырқы ойын тәртібін қабылдамайтын құлқы саяси мансабына көлденең түсіп жүрген сияқты. Ұзақ жыл бұл жігітті бақылаған кезімде байқағаным, сақа (сақ) жұртының оғыланы, әрі бойында түркінің қаны бар (анасы Гиули Аласания түрколог және әзери түріктерге қатысы бар) Михэил бар болмысымен даңғойлау дарқан, ашық мінезді гүржі халқының айқын көшірмесі.

Соңғы бір аптада Сакартвелода үлкен толқулар. Біз тұрған Mariotti қонақ үйі орналасқан Андрей Первозванный алаңы, өзіміз талай жүрген Шота Руставели көшесі (гүржілер көшені куча дейді) шерушілерге лықа толы. Кура биігінде Горгеладзе батыр бір қолында елдің қызыл түсті төрт айқыш бейнеленген ақ туын желбіретіп тұр. Нарынқаламыздан құйылған шамдар сәулесі түн баласы шеру алаңдарын жарықтандырады. Гүржілер - күлемін-ау - дәл Шеварднадзе үйінің алдындағыдай, кешкі сағат 17-ден кете жиналып, түнгі 1-ге дейін, яғни тура сегіз сағат, сушашарлар мен брандспойттарды іске қосып барып қайтады. Ендігі мәселе жалғыз Тбилисимен бітпейді. Бұл жолғы еркіндік күресінің тағдыры елдің ірі қалалары мен елді мекендердің тұтас көтерілуіне байлаулы болып тұр.

Азаттық аңсаған Сакартвело, дарқан, туысқан гүржі халқы, біздер басқа жақта болсақ та жүрегіміз сендермен бірге!

Біздің алдағы тағдырымыз сіздерге де байланысты!

Ганацвело, Сакартвело!

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

 

 

Пікірлер