Алматыда 21 жастағы жігітті жұмыс орнында жүк лифті басып қалып, оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға логистикалық компанияның жеке қоймасында орын алған. Бұл жұмысқа ол жақында ғана орналасқан. Оның нақты лауазымы жарияланбады.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, лифт шахтасында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде оған жүк лифті құлап кеткен. Жігіт алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Жұмыс берушілер түсініктеме беруден бас тартты.
Полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
"Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша Түрксіб ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Адам өлімінің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу іс-шаралары жүргізілуде," – деп мілңмдеді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.