Бір қаланың тұрғыны. Қазақстан халқына бір жылда 223 мың 218 адам қосылған

1352
Adyrna.kz Telegram
Фото: youtube.com/KAZ PATRIOT/liter.kz
Фото: youtube.com/KAZ PATRIOT/liter.kz

Қазақстан халқының бір жыл ішіндегі өсімі 223 мың 218 адамға артқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл орта есеппен бір қала халқын құрайды.

2023 жылы дәл 16 қарашада Қазақстан халқының 20 миллионға жеткені хабарланған еді. Сонда 20 миллионыншы болуы мүмкін бес нәрестенің бір уақытта дүниеге келгені айтылған. Содан бері ел халқына 223 мың 218 адамның қосылғаны белгілі болды.

Ресми деректе көрсетілген өсім халықтың табиғи көбеюі мен көші-қон үрдістеріне байланысты қалыптасты.

Қазақстанның туу деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарында екенін ескерсек, табиғи өсім халық санының тұрақты ұлғаюына себепкер болған. Алайда 2024 жылы елде туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. 2023 жылы өмірге келгендер саны 290 894 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12 196 адамға азайған. Яғни, биыл 278 698 нәресте дүниеге келді.

Қазақстан статистика комитетінің ұсынған санына қарасақ, қайтыс болғандар саны былтырғыға қарағанда 3 363-ке артық. 2023 жылы 96 141 адам өмірден өтсе, 2024 жылы 99 504 адам қайтыс болған.

Қазақстанның әр аймағындағы халық санының өзгерісі әртүрлі деңгейде. 2023 жылы елімізге келгендер саны 19136 адам болса, биыл 20383 адамды құраған. 2024 жылы қала тұрғындары 12 704 977 адамға жетсе, ауыл халқы 7 518 241 адамды құраған.

Елімізде ерлерге қарағанда әйел адамдардың саны басымырақ. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда 10 342 959 әйел адам тұрса, ер азаматтардың саны - 9 880 259.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 16 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткеніне байланысты елді құттықтаған.  Мемлекет басшысының X (бұрынғы twitter) парақшасында жариялаған құттықтауында мынандай жайлар айтылған.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар», – делінген құттықтау жазбасында.

Еске сала кетсе, көршілес Өзбекстанда 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық саны 36 млн 197 мың адамды құраған. Ал 2024 жылдың 1 маусымындағы деректе 37 139 008 адамға жеткені көрсетілді. Өзбекстанда халық саны бір жылдың ішінде 942 мыңға артқан.

Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, Қырғызстанда былтыр 6 912 666 адам тұрса, биыл 7 222 724 адамға жеткен. Демек, Қырғызстан халқының саны бір жылда 310 мыңға өскен.

Пікірлер