Артында екі баласы қалды. Тікұшақ апатынан қаза тапқан қызметкердің кім екені анықталды

1509
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі ұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкердің аты-жөнін жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты", — делінген хабарламада.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітіргені анықталды. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен.

Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Үйленген, артында екі баласы қалды.

Одан бөлек, министрліктің хабарламасында жарақат алғандар туралы да ақпарат берілген.

"Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", — деп қосты ведомство баспасөз қызметі.

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Айта кетейік, 9 қарашада болған тікұшақ апаты туралы оқиға куәгерлері айтып берді.

Пікірлер