ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының ең бойшаң сарбазы қалай қызмет атқарады?

2057
Adyrna.kz Telegram
Қазақ әскерінде бойы 2 метрден асатын, 48 өлшемдегі бәтеңке алып сарбаз қызмет етеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрдәулет Құдабай, Қазақстан Ұлттық гвардиясының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3517 әскери бөлімінің Степногорск қаласындағы сарбазы. Қатардағы жауынгер Құдабай өз қызметтестерімен салыстырғанда бойшаңдығымен ерекшеленеді – оның бойы 2 метр 4 сантиметр. Шымкент қаласынан шақырылған сарбаз биіктігін ата-анасынан мұраға алған, олардың бойы да 1 метр 80 сантиметрден асады. Нұрдәулет – отбасындағы төрт баланың кенжесі. Оның үлкен ағасы да ұзын бойлы, ал екінші ағасы мен әпкесі одан сәл төмен болғанымен, олар да көпшілік арасында көзге бірден түседі. Бұл генетикалық ерекшелік әкесінің ата-әжесінен берілген.

"Әкемнің ата-анасы да ұзын бойлы. Сондықтан бұл – біздің отбасылық ерекшелігіміз", – деп мақтанышпен айтады Нұрдәулет.

Қатардағы Құдабай қызметін өзгелер сияқты ешбір артықшылықсыз өтеп жүр. Оның төсегі 2 метр 5 сантиметр ұзындықта, гвардияшы оған толығымен сыйып жатады.

"Басында үйреншікті емес еді, барлығы мені көріп таңданып, бойымның қанша екенін сұрайтын", – дейді Нұрдәулет.

Бойдың биік болуының артықшылықтары мен кемшіліктері де бар екен. Мысалы, Нұрдәулет жақсы спортшы, волейболды шебер ойнайды. Ал азаматтық өмірде киім таңдауда қиындықтарға жиі тап болады екен. Алайда, әскери бөлім қоймасынан 56 өлшемдегі форма мен 48 өлшемдегі бәтеңке табылған. Ал төмен есіктерден өткенде басын шалқайтып жүруіне тура келеді.

Әскерге келгенге дейін ол Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университетінде оқыған, бірақ өз қалауымен азаматтық парызын орындау үшін оқуын уақытша тоқтатыпты. Қатарластары оның бойының биік болу құпиясын жиі сұрайды екен, ал Нұрдәулет күліп: «Бұл жерде гендер кез келген жаттығудан күшті!» – деп жауап береді.

Қатарластары оны «бөлімнің маягы» деп әзілдейді, өйткені оны алыстан-ақ көруге болады. Бірақ ол ренжімейді және бойының биіктігін тек сыртқы ерекшелік қана емес, Отан алдындағы жоғары жауапкершіліктің символы деп санайды.

Қызмет мерзімі аяқталған соң, Нұрдәулет оқуына оралып, білімін жалғастыруды армандайды. Дегенмен, ол бұл әскердегі жылын өмір бойы есте сақтайтынын айтады. Әскер – нағыз өмір мектебі!

Пікірлер