Олжас Бектенов берген уәдесі қашан орындалатынын айтты

140
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен мемлекет басшысының тапсырмасы неге орындалмайтынын сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Жалпы министрлер кабинетінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Алайда ол 369 мектепке түсті және 157 мектепті салуға әлі ақша жоқ болып отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге ұлғайтылуы керек еді. Экономика министрінің айтуынша, бұл мәселеде де қозғалыстар жоқ. 2025 жылға дейін 95 пайыз жергілікті жолдардың барлығы жөнделуі керек еді, мұның да іске асуы неғайбыл екеніне келісетін шығарсыз. Тағысын тағы жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып орындалмаған уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояын. Министрлер кабинетінде сөздің бәтуасы болмауының себебі неде және сіздің осыны алдын алу үшін қандай жоспарыңыз бар?», – деп сұрады депутат.

Ринат Зайытовтың ұзын-сонар сұрағына Үкімет басшысы қысқа-нұсқа жауап берді.

«Үкіметтің жұмысы мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Біздің барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Осы бюджетті қараған кезде 32 трилион теңгеге өтінімдер түсті. Бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ триллион теңге. Осы қаражаттың шеңберінде біз барлық жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Ал ары қарай экономикамызды дамытып, елде жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда бюджеттік кірістер өсіп, уәделердің бәрі орындалатын болады», – деді ол.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырсына Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастаған министрлер кабинетінің мүшелері түгел келді. Мәжілістің күн тәртібінде ҚР Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралып жатыр.

Пікірлер