Бүгін — қазақстандық танымал жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысы Энгельс қаласының Еділ немістері отбасында дүниеге келген. 1941 жылы оның неміс отбасы Қазақстанға, Есіл бойындағы қазақ ауылына жер аударылған. Ол қазақ орта мектебінде оқып, 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдебиет факультетін бітірген.
Қаламгер еңбек жолын 1953 жылы лаборант болып бастап, кейін орта мектепте мұғалім, 1963 жылы «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, 1989 жылы неміс ұлттық мәдени орталығының төрағасы, 1995 жылы неміс тіліндегі «Феникс» альманахының бас редакторы болды. 1994-1995 жылдары Павлодар облысынан Жоғарғы Кеңестің депутаты, Алматы қаласы неміс мәдени қоғамының төрағасы қызметін атқарды. Әр жылдары Қазақстан немістері кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, ҚР-ның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, бірқатар әдеби журналдардың редакциялық алқа мүшесі болды.
Ұлты неміс, жүрегі қазақ жазушы Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Ә. Нұрпейісовтің және тағы басқа қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған болатын. Өзі де әдебиет әлеміне неміс, қазақ, орыс тілдерінде 70 жуық кітабын, 2000 мыңнан аса мақаласын аманат етті.
Герольд Бельгер халық есінде өткір пікірлерімен қалды. Ол биліктің алдында құрдай жорғалайтындарды қатаң сынға алған еді.
«Біздегі жазушылардың, керісінше, биліктің алдында құрдай жорғалап, құлдық ұратынын талай көріп жүрмін. Тіпті, солардың көбісі менің араласып жүрген достарым. Көшеде жүргенде олар басқаша сөйлейді де, биліктің алдына барғанда мүлде бөлек сайрайды. Зиялы қауымның осы бір мінезі менің көңілімнен шықпайды»,—деді ол.
Сондай-ақ жазушы амалсыздан депутат болғанын мәлімдеген болатын.
«Шыны керек, депутат болғым келген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қойғаннан кейін амалсыз болдық қой, таратып жібергенде «шығармашылығыммен еркін айналысатын болдым ғой» деп қатты қуандым»,—деп түсіндірді қайраткер «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында.
Қазақстанның белгілі жазушысы Герольд Бельгер 80 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды,