Атырауда Halyk Bank филиалының жаңа ғимаратының құрылысы басталды

213
Adyrna.kz Telegram

Атырауда Halyk Bank облыстық филиалының жаңа ғимаратын салу аясында капсула салудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин және Halyk Bank Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова. Рәсім барысында қатысушыларға ғимараттың макеті мен интерьерінің концептісі таныстырылды, сондай-ақ құрылыс барысы туралы бейнеролик көрсетілді.

Қала әкімі Кейкин Шәкір Кейкинұлы банк филиалының жаңа ғимаратының құрылысына пікір білдіре отырып, бұл оқиға тек банк саласының емес, сонымен қатар қаламыздың экономикалық дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

«Halyk Bank – еліміздің қаржы секторындағы көшбасшы банктердің бірі және біздің өңірдің экономикалық тұрақтылығына, даму қарқынына қосқан үлесі айтарлықтай. Банк шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар, қаламыздағы көптеген жобалар мен бастамалардың жүзеге асуына да серпін беріп келеді. Жаңа ғимараттың құрылысы осы жетістіктердің жалғасы ретінде қала экономикасының нығаюына және халыққа сапалы қызмет көрсетудің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді деп сенеміз.

 Сонымен қатар, Halyk Bank-ке Атырау қаласындағы су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде көрсеткен зор көмегі мен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Банк осы қиын сәтте тұрғындарға қол ұшын созып, материалдық және қаржылай көмек көрсетті. Сіздердің бұл көмектеріңіз көптеген адамдардың өмірін жеңілдетіп, қиындықтарды жеңуге септігін тигізді. Halyk Bank-тің осындай әлеуметтік жауапкершілігі аймақтың дамуы мен қоғам алдындағы міндеттемелерін орындауда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді», - деп қорытындылады қала әкімі.

«Halyk активтердің мөлшері бойынша отандық қаржы секторындағы №1 банк болып табылады. Біз экономиканың нақты секторының 50 пайызын кредиттейміз және бизнес үшін де, халық үшін де сапалы банк қызметтерінің барлық спектрін ұсынамыз. Біздің банк Атырау облысының барлық ірі компанияларын қаржыландыратыны бәріне мәлім. Осылайша, біз өңір мен республиканың экономикалық дамуына елеулі үлес қосамыз. Филиалымыздың жаңа ғимаратының құрылысына келетін болсақ, біз тек бөлімшелер ашып қана қоймай, сонымен қатар өзіміздің онлайн-сервистеріміз бен экожүйелік өнімдерімізді дамытуға және жетілдіруге үнемі инвестиция салатынымызды атап өткім келеді. Бұл біздің клиенттеріміз үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Біз өз отандастарымызға пайдамызды тигізгіміз келеді және олардың алдында тұрған өткір мәселелерді шешуге көмектескіміз келеді», - деп атап өтті Halyk басшысы Үміт Шаяхметова.

 Облыс тұрғындарына атаулы көмектің соңғы мысалдарының бірі - су тасқынынан зардап шеккендердің үйлерін қалпына келтіру және жаңа үй сатып алуға қайырымдылық қаржылай көмек көрсету болды. Осы игі іске Halyk Bank және оның акционері Тимур Құлыбаев «Халық» жеке қайырымдылық қоры арқылы өз қаражатынан 31,4 млрд теңге бөлді.

 

 

Пікірлер