Талғардағы өлім. Полиция жеті күдікті туралы айтты

1354
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Алматы облыстық полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты бір ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың өмірі қоғамдық резонанс тудырды. Оны өлтірді деген күдікпен ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі екені туралы ақпарат жалған болып шыққан.

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров мәлімдеді.

"Ұйымдасқан қылмыстық топтың не екендігі туралы нақты түсінік беретін бап бар. Ол үшін ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше рет қылмыс жасаған болуы қажет. Бірақ мұнда бір ғана оқиға. Әлеуметтік желілерден "Хуторскийлер" туралы ақпаратты да көрдік. Егер сіз Талғар ауданында тұрсаңыз, кеңес заманында осылай аталған "Хуторская" ауданы туралы естіген шығарсыз. Қазір қателеспесем, "Бірлік" деп аталады. Барлық тұрғындарды осы қылмыстық топтың мүшесі болды деп айта алмаймыз. Бізде мұндай қарақшылар мен топтар жоқ", – деді Шалхаров.

Департамент басшысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ақпаратты таратуға тыйым салатын қылмыстық-процестік кодекстің бабына сілтеме жасап, қамауға алынғандардың жеке басы туралы ақпарат беруден бас тартты.

Дегенмен әлеуметтік желіде олардың суреттері мен аты-жөндері тарап кетті.

Полицейлер күдіктілерден үш пышақ (екі асхана пышағы, бір қалта пышағы) мен тіркелмеген қару тәркілеген. Сондай-ақ, “полиция қылмыс орнына кеш жетті” деген ақпаратқа да түсініктеме берді.

"Оқиға туралы полицияға сағат 00:40-та қоңырау түсті. Қызметкерлер оқиға орнына 9-10 минутта жетті, яғни стандартқа сай. Дегенмен, ішкі тексеру жүргізіледі", – деді Серік Шалхаров.

Пікірлер