Президенттік орталықта Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

3038
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуының өзекті мәселелері контекстінде биылғы басты саяси құжаттың негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жүргізу.

Дөңгелек үстел отырысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, елордадағы жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты. Іс-шарада 80-нен астам қатысушы болды.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы еліміздің Негізгі Заңында бекітілген Мемлекет басшысының конституциялық міндеті ғана емес, мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы ең маңызды институт болып табылады.

Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында нақты жаңалықтар қамтылған, олардың жүзеге асырылуы институционалдық реформалардың келесі кезеңіне негіз болады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында стратегиялық міндеттердің тізбесін айқындап берді, оларды шешу «Әділетті Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасын нақты мазмұнмен толықтыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар мен тапсырмалар қамтылған. Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі экономикалық реформаларға басты назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, ақша-несие және салық-бюджет саясатының арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға, өнеркәсіптік әлеуетті толық ашуға бағытталған бірқатар бастамаларды алға тартты. Елдің кадрлық әлеуетін арттыру, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта іске қосу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ қоғамда құқықтық тәртіп идеологиясын толыққанды нығайтуға бағытталды.

Жолдаудың негізгі идеясы – қуатты азаматтық қоғамы бар тиімді мемлекетті қалыптастыру, мемлекеттің жаңа саяси гуманитарлық өлшемін арттыру.

Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін жан-жақты ашу, халықтың әл-ауқатын нақты арттыру деп мемлекеттің негізгі міндеттерін атады.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболаттың, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дүйшекеевтің, Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов, Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов, , Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері Айгүл Көшербаева, «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» ҚБ төрайымы Динара Сәдуақасованың баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Арман Ешмұратов және Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының ғылыми қызметкері Мариан Әбішева баяндама жасады.

Дөңгелек үстелді талқылау нәтижелері бойынша материалдардың электрондық жинағы дайындалады, кейіннен оны әрі қарай жұмыс істеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға беру жоспарлануда.

 

Пікірлер